Қазақстан мен Қытай арасында барыс-келіс артты
Қазақстан мен Қытай шекарасында жұрт ағылып жатыр. Биылдыққа екі ел арасындағы көлік жолдары арқылы өткен жолаушы саны 1 милионнан асты. Сөйтіп барыс-келіс көбейді. Бұған әсер еткен фактор көп. Рет-ретімен айтайын. Қазақстан мен Қытай арасында 30 күнге дейін визасыз жүріп-тұру туралы келісім жасалғалы бері бұл статистика жылдан жылға өсіп келеді. Кәсіпкерлер де, саяхатшылар да, қарапайым адамдар да шекарадан еркін өтіп, кіріп-шығып жүр. Ал биыл алғаш рет рекорд тіркелді.
Жыл басынан бері автомобиль жолдары арқылы екі елдің арасында ары- бері қатынаған жолаушылар саны 1 миллионнан асып отыр. Бұл бір ғана Қорғас порты арқылы.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға өскен. Бұл туралы Қорғас портындағы қытайдың инспекциялық станция мамандары ресми жариялады. Бұған әрине қос тараптан жасалып жатқан саяси ынталандырудың ықпалы зор. Одан бөлек трансшекаралық сапарлар мен сауда- саттық саласындағы белсенділік те тікелей әсер етіп отыр. Сонымен қатар еркін сауда пилоттық аймағындағы инновациялық және «ақылды порт» жобалары да сеп болған. Көлік құралдарын тексеру рәсімдері жеңілдеп, уақыт 1 минутқа дейін қысқарды. Ал онлайн жүйе құжаттарды 45 секундта тексеріп бере алады. Шекаралық өткізу пунктінің кіру-шығу залы арқылы күн сайын орта есеппен 5- 8 мың турист аралығында өтеді. Қытайдан шығатын көптеген саяхатшылар үшін Қорғас порты Қазақстан және басқа да Орталық Азия елдеріне кіретін негізгі қақпа болып отыр.
Ли Сяо, Шаньдун аймағының тұрғыны, саяхатшы:
- Біз Қытайдың шығыс аймағы Шаньдуннан келе жатырмыз. Бірнеше күн Үрімші мен Сайрам көлдерінде болдық. Енді бүгін Қазақстанға қарай жол жүріп барамыз. Алматыға барып жергілікті мәдениетімен таныссақ дейміз. Одан бөлек табиғатын көріп, дәстүрлі тағамдарынан дәм татып көрсек деген жоспарымыз бар.
Қытайдың көші-қон полициясы жүргізген талдауға сәйкес тамыз бен күздің алғашқы айларында барыс-келіс арта түседі. Қауіпсіз жүріп-тұруды қамтамасыз ету үшін қытай тарапы қосымша жолақтарды іске қосуға ниетті. Айта кету керек, қазіргі уақытта Қорғас портынан Қазақстан-Қытай бағытында 9 халықаралық жолаушылар автобусы тұрақты қатынайды.