Мұсылман елдері күш біріктірді
Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркия Мекке қаласында қорғаныс саласындағы бірлескен келісімге қол қойды.
Мұсылман әлемінің ықпалды әрі АҚШ-қа одақтас бұл үш мемлекет аймақтағы шиеленістен қауіптенеді. Геосаяси жағдай ушыққан сайын бірлесе әрекет етудің маңызы артты.
Оған қоса қазір Құрама штаттардың қауіпсіздік кепілдіктеріне сенім азайды. Сауд Арабиясы Иранға қарсы соғыс басталғалы бері бірнеше рет Тегеранның шабуылына ұшырады. Сондықтан Эр-Рияд қорғаныс саласындағы серіктестікті арттыруға ұмтылады. Дегенмен алдағы уақытта корольдікке тағы қауіп төне қалса, Исламабад пен Анкара қол ұшын созуға қаншалықты дайын? Жаңа әскери одақтың көздегені не?
Мұсылман елдерінің арасында жаңа әскери одақ құрылды. Сауд Арабиясында «Мекке бірлескен қорғаныс келісімі» қабылданды. Құжатқа корольдіктің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған және Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф қол қойды. Бұл келісім кез келген агрессияға қарсы күш біріктіру мүмкіндігін күшейту мақсатында әзірленді. Тараптардың нақты қандай әскери міндеттемелерді мойнына алғаны жөнінде ашып айтылмады. Дегенмен Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз жаңа альянс қандай да бір мемлекетке қарсы емес және тек қорғаныс мақсатында құүрылғанын мәлімдеді. Ортақ мәмілеге келу үшін тараптар бір жылдан аса уақыт келіссөз жүргізген.
Галип Далай, Chatham House аға ғылыми қызметкері:
- Менің ойымша, бұл қорғаныс пактісінің құрылуына бірнеше себеп бар. Солардың бірі, сөзсіз, Израиль мен Иранның аймақтағы саясатымен байланысты. Сондықтан мемлекеттер өздерінің өңірлік өзара іс-қимылы мен саясатын қайта қарастырып, қауіпсіздік саласында серіктестік орнатудың жолдарын іздеп жатыр. Екіншіден, қазір АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктеріне сенім азайды. Құрама штаттар аймақтағы көп мемлекет үшін әлі де маңызды серіктес болып қала береді. Алайда Вашингтонның әрекеттерін болжап білу барған сайын қиындай түсуде.
Түркия әскер көлемі жағынан NАТО бойынша екінші орында. Сауд Арабиясы – Парсы шығанағындағы ең қуатты мемлекет және әлемдегі ірі мұнай экспорттаушы елдердің бірі. Ал Пәкістан – ядролық қаруға ие жалғыз мұсылман мемлекет. «Әрқайсы бұл келісім арқылы әскери, қорғаныс өнеркәсібі және дипломатиялық тұрғыдан бірқатар артықшылықтарға ие болары анық», - дейді сарапшылар. Келісімге сәйкес, үш мемлекеттің кез келгеніне жасалған шабуыл олардың барлығына қарсы әрекет ретінде қарастырылады. Сондай-ақ билік өкілдері одаққа аймақтағы өзге де елдер қосыла алатынын мәлімдеді.
Галип Далай, Chatham House аға ғылыми қызметкері:
- Келісімде бір мемлекетке жасалған шабуыл өзге мүше елдерге де көрсетілген агрессия ретінде қарастырылуы NАТО-ның 5-ші бабына ұқсас. Алайда бұл шарттың іс жүзінде қалай қолданылатынын көру үшін тараптардың бірі соққыға ұшырауы тиіс. Ең алдымен, Сауд Арабиясы сынақтан өтуі мүмкін. Өйткені кейінгі уақытта Сауд Арабиясы хуситтер тарапынан, сондай-ақ Иран және Ирактағы қарулы топтар тарапынан жиі шабуылдарға ұшырап жатыр.
Алайда сарапшылардың айтуынша, альянстың кеңеюі екіталай. Өйткені өңірдегі өзге мемлекеттер келісімге қосылуға құлықсыз. Мәселен, Сирия он жылдан астам уақытқа созылған азаматтық соғыстан кейін енді аяққа тұрып жатыр. Мысыр бар назарын экономикасын күшейтуге аударып отыр. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің ұстанымы кейінгі жылдары Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркиядан алшақтап барады.
Жаңа әскери одаққа қатысты Иран көп күттірмей пікірін білдірді. Әрине, Парсы елі бұл шешімге оң көзбен қарап отырған жоқ. Тегеран және оның одақтастары Сауд Арабиясының азаматтық инфрақұрылымына және ондағы америкалық базаларға бірнеше рет соққы жасаған еді. Енді корольдік аумағына шабуылдамас бұрын, сақтық танытуға тура келеді. Дегенмен Ислам республикасы өңірлік қауіпсіздікке қол жеткізу үшін бір ғана әскери пакт жеткіліксіз екенін ескертті.
Ибрагим Резаи, Иран парламентіндегі ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комиссиясының өкілі:
- Сауд Арабиясы Түркия және Пәкістанмен жасаған келісім елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қауқарсыз екенін түсінуі керек. Олардың америкалықтарға жылдар бойы қолдау көрсетуі де еш пайдасын берген жоқ. Сауд Арабиясы қауіпсіздікті басқа елдерден сұрауға мәжбүр болмас үшін өз саясатын өзгертуге тиіс.
Өзара қорғаныс туралы келісім үш мемлекет арасында бұрыннан қалыптасқан әскери ынтымақтастықты одан әрі нығайтады. Пәкістан ондаған жыл бойы Сауд Арабиясының қарулы күштеріне әскери даярлық бойынша көмек және техникалық қолдау көрсетеді. Ал Түркия мен Пәкістан әскери кемелер мен оқу-жаттығу ұшақтарымен алмасып келеді. 2023 жылы Эр-Рияд түріктің ұшқышсыз басқарылатын аппараттарын сатып алуға келісті. Анкара мұны қорғаныс өнімдерін экспорттау бойынша ең ірі келісімшарттардың бірі деп атады. «Рейтер» агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Пәкістан Сауд Арабиясына шамамен 8 мың әскери қызметкер, жойғыш ұшақтар, дрон және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін орналастырған. Дегенмен жаңа келісімде ядролық қару жарысына жол берілмейтіні туралы айтылады. Исламабадтың ядролық қолшатыры қарастырылмаған.
Мансұр Ахмед, Австралия Ұлттық университеті стратегиялық және қорғаныс зерттеулері орталығының сарапшысы:
- Пәкістан мен Түркияның дамыған қорғаныс өнеркәсібі бар. Ал Сауд Арабиясы технологиялық инвестициялар арқылы келісімге өз үлесін қоса алады. Алайда бұл құжатта ядролық кепілдік мәселесі қарастырылмаған болуы керек. Өйткені Пәкістанның ядролық тежеу әлеуеті Үндістан тарапынан төнетін қауіпке бағытталған.
Былтыр күзде Пәкістан мен Сауд Арабиясы өзара қорғаныс туралы пактіге қол қойды. Әйтсе де Исламабад Эр-Риядқа осы уақытқа дейін хуситтерге қарсы операцияларда айтарлықтай қол ұшын созған жоқ. Сондықтан бұл жолы да Түркия мен Пәкістан Сауд Арабиясына болысып, белсенділік танытуға ниетті деу қиын. Қалай болғанда да, әліптің артын бағуға тура келеді.