АҚШ 175 мыңнан астам шетел азаматының визасын жойды
АҚШ президенті Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімінің алғашқы 18 айында 175 мыңнан астам америкалық виза жойылды. Бұл Джо Байденнің президенттігі кезіндегі көрсеткіштен төрт есе көп, деп хабарлайды 24KZ.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, визалардың басым бөлігі заң бұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттерге байланысты күшін жойған. Олардың қатарында шабуыл жасау, көлікті мас күйінде жүргізу, ұрлық және есірткіге қатысты қылмыстар бар.
Сондай-ақ қауіпті көлік жүргізу, жыныстық зорлық-зомбылық, балаларға қатыгездік көрсету, алаяқтық, қаражатты жымқыру және басқа да қылмыстар үшін визалар жойылған.
Президент Трамп пен Мемлекеттік хатшы Рубионың басшылығымен Мемлекеттік департамент америкалықтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін шетел азаматтарын анықтау, тергеу және олардың визаларын жою жұмыстарын жалғастырады. АҚШ визасы – құқық емес, артықшылық, – делінген ведомство мәлімдемесінде.
Сонымен қатар АҚШ-тың Солтүстік Африкадағы елшілігі негізінен бала босанып, америкалық азаматтық алу мақсатында елге турист ретінде барған ата-аналардың 100-ден астам визасын жойған.
2024 жылы Джо Байден әкімшілігі шамамен 40 мың визаның күшін жойған. Бұл Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімінің алғашқы жылында жойылған 100 мың визаның жартысынан да аз. Биыл тағы 75 мың виза жойылған.
Депортация көрсеткіштері де айтарлықтай өзгерген. АҚШ Иммиграция және азаматтық қызметі (USCIS) дерегіне сәйкес, Дональд Трамптың алғашқы президенттік кезеңіндегі 2017–2020 қаржы жылдары аралығында 935 346 депортация тіркелген.
Ал Джо Байденнің президенттігі кезіндегі 2021–2024 қаржы жылдарында бұл көрсеткіш 545 252 болған.
АҚШ Иммиграция және кеден қызметінің (ICE) 2025 қаржы жылына арналған ресми деректері әзірге жарияланған жоқ. Алайда АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі 2025 жылғы желтоқсанда Трамптың Ақ үйге қайта оралған кезінен бері 605 мыңнан астам адам елден шығарылғанын мәлімдеген. Бұл Джо Байденнің бүкіл президенттік мерзіміндегі көрсеткіштен жоғары.