Қазақстан-Корея: биотехнология саласындағы ынтымақтастық

Қазақстан мен Оңтүстік Корея биотехнология саласында ынтымақтастық орнату туралы келісімге келді. Астана мен Сеул терең кооперация орнатып, бірлескен өндірістерді іске қосып, клиникалық зерттеу жүргізеді. 

Оңтүстік Кореяның фармацевтика нарығы әлемде 13-орынға көтеріліп, оның көлемі 31 миллиард долларға бағалануда. Сеул биоаналогтарды өндіру бойынша әлемдегі алғашқы үштікке кіреді, ал мұндағы инновациялық әзірлемелердің портфелі үш мың екі жүз аталымнан асты. Бұл ретте ішкі нарық осы елде өндірілетін препараттармен 70%-дан астам қамтамасыз етілген. Кореяның фармөнімдер мен биопрепараттар өндірушілер қауымдастығы қазақстандық әріптестерін өз ноу-хауларымен, соның ішінде Жасанды интеллектті қолдану тәсілдерімен таныстырды.

Оңтүстік Корея өз тәжірибесін Қазақстанмен бөліседі. Орталық Азия биотехнологиялар қауымдастығы мен Кореяның фармацевтикалық өнім және биопрепараттар өндірушілер қауымдастығы әріптестік туралы уағдаласты.

Но Ён Хон, Корея фармацевтикалық өнім және биопрепараттар өндірушілер қауымдастығының президенті:

- Кореяның фармацевтикалық кәсіпорындары мен Қазақстанның денсаулық сақтау саласының индустриялық экожүйесі өзара  мықты тұстарын негізге ала отырып, ынтымақтасса, әртүрлі салаларда, соның ішінде корей компанияларының нарыққа шығуы, бірлескен кәсіпорындар құру, технологиялар және ақпарат алмасу бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізеді деп сенеміз.

Шамамен бір ай бұрын Қазақстанның ұлттық реттеуші жүйесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан үшінші жетілдіру деңгейін алып, ТМД елдері арасында осындай мәртебеге ие болған алғашқы ел атанды. Енді технологиялар трансфері үшін мүмкіндік мол. Қазақстан өз тарапынан аккредитациядан өткен клиникалар мен 60 жылдық тарихы бар ғылыми-зерттеу институттары сияқты қуатты базасын ұсынуға дайын. Бұл ретте клиникалық зерттеулердің құны Батыс елдеріне қарағанда айтарлықтай төмен.

Алексей Цой, ҚР Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі:

- Қазіргі уақытта біз түрлі елдермен, соның ішінде Америка Құрама Штаттарымен өте тығыз байланыстамыз. Жоғары сапа деңгейіне ие клиникалық зерттеулердің құны заманауи алаңдарда АҚШ-пен салыстырғанда, айталық, клиникалық зерттеулердің екінші кезеңі 20 есе арзан.

Қамалжан Надыров, Орталық Азия биотехнологиялар қауымдастығының басшысы:

- Біз бірлескен білім беру бағдарламаларын жүргізуге, биотехнология саласына бағдарланған корей бизнес-компаниялары мен қазақстандық компаниялар арасындағы коллаборацияны қамтамасыз етуге ниеттіміз. Қазақстанға иек артып отырған және Оңтүстік Кореяның тәжірибесін Қазақстан аумағына көшіріп, дәрі-дәрмек өндірісімен айналысу үшін біздің бірқатар отандық компанияларға инвестиция құюға ниетті компания басшылығымен кездестік.

Қазақстандық делегация келіссөздерді ары қарай жалғастыру үшін Сеулден Сингапурға аттанды. Жетекші азиялық орталықтармен ынтымақтастық орнату елімізге өзінің бірегей биотехнологиялық моделін құруға және азаматтарды ең заманауи әрі қолжетімді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян