Қытайда 4 сайлау учаскесі жұмыс істейді

Қытайда Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық қызу жүріп жатыр. Сайлау учаскелері көрші елдің бірнеше қаласында ашылады. Науқан кезінде кез келген Қазақстан азаматы өз құқығын пайдаланып, дауыс бере алады.

Оған қажетті мүмкіндіктің бәрі жасалады. Қытай қазақстандықтар ең жиі баратын елдердің бірі. Көрші мемлекетпен арада визасыз режим қалыптасқалы барыс-келіс тіптен көбейді. Жуырда тек қана автомобиль жолдарымен шекара арқылы кіріп-шыққан адам саны 1 миллионнан асып рекорд тіркелді. Демек бұл да алдағы науқанда сайлау учаскелерінің жұмысына әсер етуі мүмкін. Сондықтан қазір жіті дайындық жүріп жатыр. Одан бөлек түрлі салада тұрақты түрде жұмыс істейтін отандастарымыз да бар.

Фариза Болатбек, Қытайдың CGTN телеарнасының тілшісі /Қазақстан азаматы/:

- Шетелде жүрсем де, Қазақстанда не болып жатқанын жаңалықтардан күнде бақылап отырамын. Себебі экономика да, политика да біздің өмірге тікелей әсер етеді. Алда маңызды кезең күтіп тұр деп ойлаймын. Сондықтан 23 күні елшілікке барып, азаматтық борышымды орындап сайлауда дауыс беремін.

Дауысты консулдық есепте тұрған азаматтар ғана емес, өзге мақсатпен жүрген қазақстандықтар да беруге құқылы. Ол үшін жеке куәлігі немесе төлқұжаты болса болғаны. Тарихи іс-шараны осында білім алып жүрген жастар да тағатсыздана күтіп жүр.

Рамазан Сәрсен, магистрант /Қазақстан азаматы/:

- Тіл мен мәдениет университетінде жылдан бері оқимын. Мен магистратура студентімін. Бұған дейін өткізілген саяси науқандарға қатысқанмын. Парламент өзгерейін деп отыр. Бұл біздің Отанымызда өтіп жатқан болашаққа әсер ететін өте маңызды науқан.

Дайындық қызу жүріп жатыр. Бейжің қаласындағы 421-ші сайлау учаскесі Қазақстан елшілігінде орналасады. Қазір мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында пандусқа тапсырыс берілген. Сонымен қатар Құрылтай туралы хабарламалар шығарылып, кіреберіске учаске нөмірі жазылған маңдайшалар ілініп жатыр.

Рахымжан Рахимов, №421 учаскесінің комиссия төрағасы:

- Төрт сайлау учаскесі жұмыс істейді. Олар Бейжің, Шанхай, Сиань және Гонконгта орналасады. Қазіргі таңда учаскелік сайлау комиссиясы тарапынан дауыс беруге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қытайда жүрген Қазақстан азаматтарына өздерінің конституциялық сайлау құқығын жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдай жасалуда.

Қытайдағы сайлау учаскелерінде дауыс беру уақыт айырмашылығына

байланысты үш сағат ерте басталады. Яғни жергілікті уақытпен таңғы сағат 7.00-ден кешкі 8.00-ге дейін дауыс беруге болады.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы