Ауғанстанда 2 млн 400 мың қыз мектепке бара алмай жүр
Бұл ЮНЕСКО-ның дерегі. 10 жасқа дейінгі қыздар сауатын ашып, бастауыш мектепті аяқтаған соң, білім алуын жалғастыра алмайды. Ауған билігі бұл заңды 2021 жылы қабылдаған еді. Бұлай жалғаса берсе, 2030 жылға қарай мектепке бармайтын бұрымдылардың саны 4 млн-ға жетуі мүмкін.
"Білім алу әр адамның негізгі құқығы" деп өткен ғасырдың ортасында жарияланған еді. Алайда, 2021 жылы ауған билігі 10 жастан асқан қыздарды бұл мүмкіндіктен де айырды. Халықаралық ұйымдар елдегі білім беру сапасына да алаңдаулы. Өйткені, Ауғанстанда 10 жастағы балалардың 90 пайызы қарапайым мәтінді оқи алмайды. Мағынасын да түсінбейді.
Хода Джабериан, ЮНЕСКО білім беру бағдарламасының үйлестірушісі:
- Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда, білім алудан шеттетілген бұрымдылардың саны тағы 200 мыңға артты. Жағдай өзгермесе, 2030 жылға қарай білім ұясының табалдырығын 4 млн қыз аттамауы мүмкін.
ЮНЕСКО-ның болжамы бойынша ауған билігі қыздардың білім алуына жағдай жасамаса, әрі кетсе 3-4 жылда 25 мыңнан аса мұғалім мен дәрігердің орны бос қалуы мүмкін.
Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
- Әйелдер мен қыз балалар үшін әділеттілік орнату - болашақтың басты шарты. Теңдік - дамудың негізі. Бұл халықаралық құқықта әлдеқашан бекітілген. Әйелдер өз құқықтарын толық пайдалана алғанда ғана қоғам алға басады. Ал құқық қорғалмаса, теңсіздік күшейіп, даму тежеледі.
ЮНЕСКО-ның есебі бойынша, жас буынды білім алу мүмкіндігінен айыру экономикаға жылына ондаған млн доллар көлемінде шығын әкеледі. Сондықтан ауған билігін қыздардың мектепке баруына жағдай жасауға шақырды.
Хода Джабериан, ЮНЕСКО білім беру бағдарламасының үйлестірушісі:
- Ауғанстандағы қыздар мен әйелдердің жұмыс істеуге де құқығы бар. Жүріп-тұруын да шектеуге болмайды. Олар болашағына қатысты шешімді өздері қабылдауға тиіс. Ауғанстандағы адам құқығы сақталмайынша, бұл мәселе әлем елдерінің басты назарында болуы керек.
ЮНЕСКО өкілдері жергілікті ұстаздар қауымымен бірігіп, мүмкіндігінше оқушылардың сауатын ашып жүр. Алайда бұдан нәтиже шамалы. Ал Батыс елдері тәліптердің әйелдерге қатысты саясаты өзгермейінше, ауған билігін ресми мойындауға ниетті емес.