Еуропа астықты ерте жинады
Биыл Еуропа астыққа ерте орақ салды. Өйткені күн ыстық. Кей елде алқаптар құрғап, кеуіп жатыр. Шаруалар бұрынғыдай өнім ала алмай қаламыз ба деп алаңдаулы. Оған қоса қуаңшылық азық-түлік бағасына кері әсерін тигізері анық.
Биыл еуропалық шаруалар өнімді ерте жинады. Олардың қатарында италиялық жүзім өсірушілер бар. 10 жыл бұрын жиын-терім тамыздың ортасында ғана басталатын еді. Биыл жұмысқа бір ай ерте кірісуге мәжбүр болды. Өйткені, жаздың қатты ыстығы жемістің тез жетіліп, пісуіне әсер еткен. Шаруалар: "ерте жинамаса, сапасы жоғалады, яғни хош иісі азайып, дәмі бұзылады, - дейді.
Сильвия Гаравалья, Павия қаласының ауыл шаруашылығы қауымдастығының басшысы:
Биыл жүзім жинауды шілденің аяғында бастадық. Бұл тарихи рекорд. Кейінгі жылдары жиын-терімге ерте шығып жүрміз. Жүзім жылдан жылға ерте піседі. Аптап ыстық пен құрғақшылықтан өнімнің сапасы жоғалады. Сондықтан, мұны шашпай-төкпей жинап алу үшін ерте қамданамыз.
Ал, Польшада шаруалар жаз бойы баптаған егіннің өнімділігі биыл 10 пайызға төмендеуі мүмкін, - деп отыр. Себебі, кейінгі бір айда бір тамшы тамбаған. Ал, кей жерлерде сынап бағанасы 38 градусқа дейін жетті. Осының салдарынан бидай піспей жатып, қурап жатыр. Диқандар дәннің шығымы аз болды. Ал, бұл шығынымызды арттыруы мүмкін деген уайыммен отыр.
Фролик, шаруа:
Биыл ораққа ерте шыққанымен, сапасы да, шығымы да төмен. Мұндай бидайдан ұн аз шығады. Диірменшілер биыл бағаны түсіріңдер деп отыр.
Мамандар "қазірден қамданып, дәнді дақылдардың ыстыққа төзімді жаңа сұрпын тауып, тамшылатып суаруды дамыту қажет, - дейді. Әйтпесе, жағдай жылдан жылға қиындамаса, оңалмайды. БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы мен Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның дерегі бойынша, климаттың өзгеруінен бидай мен жүгерінің шығымы 10 пайызға азаяды. Ал, бұл азық-түлік бағасына әсер етпей қоймасы анық.
Зайнұр Байжігіт, 24kz