Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істей алады

Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істей алады. Бүгін Шетелдік жұмыс күші саясаты жөніндегі комитет осындай шешім қабылдады. 

Қазақстан өз азаматтарын Оңтүстік Кореяға ресми түрде жіберуге рұқсат алған 18-ші ел болды. Бұл шешім 11 мемлекеттік орган өкілдері қатысқан Шетелдік жұмыс күші саясаты жөніндегі комитеттің 49-шы отырысында қабылданды. Бұған дейін мұндай жұмыс рұқсаттарын Филиппин, Моңғолия, Шри-Ланка, Вьетнам, Тайланд, Индонезия, Өзбекстан, Пәкістан, Камбоджа, Қытай, Бангладеш, Қырғызстан, Шығыс Тимор, Непал, Мьянма, Лаос және Тәжікстан алған болатын.

Жұмысқа рұқсат беру жүйесіне қосылу туралы келіссөздер Қазақстан мен Корея арасында 2023 жылы басталған болатын. Содан бері еліміз қазақстандықтардың Е-9 визасын алуы үшін барлық үш кезеңнен өтті. Бірінші кезең аясында Қазақстан үкіметі Кореяда заңсыз жұмыс істейтін азаматтардың санын қысқарту бойынша шаралар қабылдады. Атап айтқанда, Қазақстанның Сеулдегі елшілігінде полиция атташесі жұмысын бастады. Екінші кезеңде жұмысқа аттанатындарға қауіпсіздік ережелерін, корей тілін үйрететін және медициналық тексеруден өткізетін үш оқу орталығы құрылды. Олар Алматы қаласы мен Алматы облысында орналасқан. Үшінші кезеңде еліміздің кандидатурасы оңтүстіккорея үкіметінің келісімін алуы тиіс еді. Міне, бүгін түпкілікті шешім қабылданды. Сарапшылар Оңтүстік Кореяда жұмыс істей алатын жұмысшылардың болжалды санын атады.

Хан Сон Нэ, Иммиграциялық заң бюросының басшысы:

- Қазақстаннан жұмыс күшін жіберу 2028 жылы басталады. Бірінші кезеңде сіздің еліңізден жыл сайын 500-ден 1000-ға дейін азамат келе алады деп болжануда, ал уақыт өте келе жіберілетін мамандардың саны жылына шамамен 3-4 мың адам болады.

Оңтүстік Кореяның шетелдік жұмыс күші саясаты жөніндегі комитеті хабарлағандай, Қазақстанда жұмысшыларды жіберу процесін ашық басқаруға арналған мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар жұмыс істейді. Сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымның - алдын ала кәсіби даярлық орталықтарының, медициналық мекемелердің бар екені расталды.

 Хан Сон Нэ, Иммиграциялық заң бюросының басшысы:

- Қазақстан жастары Кореяның еңбекке рұқсат беру жүйесіне сәйкес E-9 визасы бойынша Кореяда жұмысқа орналасуы үшін, ең алдымен, корей тілін еркін меңгеруі қажет. Содан кейін тілді білу деңгейі бойынша емтихан тапсыру керек, сосын кешенді түрде балл қою үшін жаңа жерге  бейімделудің түрлі дағдылары бағаланады. Соңында баллдық жүйе нәтижесімен  рейтинг түзіледі.

Сарапшының айтуынша, E-9 визасын 18 бен 39 жас аралығындағы, сотталмаған, Оңтүстік Корея Республикасынан мәжбүрлі түрде депортацияланбаған, өз елінен шығуға шектеулері жоқ азаматтар ала алады. E-9 визасымен Кореяда жүрудің  жалпы мерзімі шамамен 5 жыл болуы  мүмкін.

2028 жылға дейін екіжақты келісімге қол қойылып, жұмысқа рұқсат беру жүйесінің қазақстандық орталығы ашылады. Кореяның Мемлекеттік саясатты үйлестіру кеңсесінің басшысы Им Ги Гын бүгін хабарлағандай, қабылданған шаралар өнеркәсіптік нысандардағы жұмыс күшінің тапшылығын жедел азайтуға  көмектеседі. Кеңсе басшысы Қазақстанда EPS орталығын ашуды қоса алғанда, кейінгі қадамдардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ол сондай-ақ шетелдік азаматтарды қолдау жүйесін дамытудың және өндірістік жарақаттанудың алдын алудың маңыздылығын атап өтті.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян