Еуропадағы ірі тау шаңғы курорты аптап ыстыққа байланысты жабылды

Фото: depositphotos.com

Италияның Альпісіндегі Стельвио мұздығында жазғы тау шаңғысы маусымы ұзаққа созылған аптап ыстыққа байланысты мерзімінен бұрын аяқталды, деп хабарлайды 24KZ BILD ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Әдетте курорт мамырдан қарашаға дейін жұмыс істейді. Алайда жоғары температура мен найзағай трассалардың сапасы мен шаңғышылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей отыр.

Курорт операторларының айтуынша, бұл – «ауыр, бірақ қажетті шешім». Олардың сөзінше, негізгі мәселелердің бірі – түнгі температураның жоғары болуы. Соның салдарынан қар жамылғысы іс жүзінде қатып үлгермейді.

Жағдайды өңірде жиі болатын қатты найзағайлар да қиындатып отыр. Мұндай жағдайда қауіпсіз шаңғы тебуді қамтамасыз ету мүмкін емес.

Тамыз айының ортасында Италия Альпісінің биік таулы аймақтарында ауа температурасы әдеттен тыс жоғары болғаны атап өтілді. Теңіз деңгейінен 2 мың метрден астам биіктікте орналасқан Форни мұздығында ауа температурасы 17 градусқа дейін көтерілген. Ал шамамен 3 мың метр биіктіктегі Пассо-Маринелли асуында температура 9 градусқа жеткен.

Бұған дейін ыстық ауа райына байланысты Швейцарияның Церматт және Зас-Фе курорттары да жазғы шаңғы маусымын тоқтатқан болатын.

Стельвиода мұндай жағдай 2022 жылдың жазында да болған. Алайда ол кезде шамамен екі айдан кейін трассалардың жұмысын қайта бастауға мүмкіндік туған.

Гидролог Роберто Динале Rai телеарнасына берген сұхбатында қазіргі жағдайда курорттың жұмысын жалғастыру қиын болатынын айтты. Оның пікірінше, маусымды жасанды түрде ұзарту таулы аймақтарда бұрын жаз мезгілінде шаңғы тебуге мүмкіндік берген табиғи жағдайларға енді сәйкес келмейді.