АҚШ Газадағы бейбіт жоспарға $206 млн бөледі
АҚШ Газада халықаралық тұрақтандыру күштерін құруға 206 миллион доллардан астам қаржы бөледі.
Reuters-тің берген мәліметіне сүйенсек, қаражаттың 200 миллионы техника, инфрақұрылым, көлік және миссияның күнделікті жұмысына жұмсалмақ. Тағы 6 млн долларға америкалық бронды техниканы қайта жабдықтау көзделген. Жоспар бойынша халықаралық күштер Израиль әскері аймақтан шығарылғаннан кейін қауіпсіздікті бақылап, гуманитарлық көмектің жеткізілуіне жәрдемдеседі. Сондай-ақ жаңа жергілікті полицияны даярлауға қатысады. Әзірге бес ел әскер жіберуге келіскен. Ал Мысыр мен Иордания тәртіп сақшыларын оқытуға дайын. Алайда миссияның нақты қашан орналастырылатыны әзірге белгісіз. Тель-Авив ХАМАС-тың толық қарусыздануынан кейін ғана өз сарбаздарын шығаруға дайын. Ал қозғалыс алдымен Израиль келісілген шепке шегінуі керек деп отыр. Соған қарамастан Ақ үй бейбіт жоспарды іске асыруды жалғастыратынын мәлімдеді.