АҚШ-та 68 мың отбасы екі апта жарықсыз отыр
АҚШ-тың Индиана штатында 68 мың отбасы екі апта бойы жарықсыз отыр. Айнала тас-түнек қараңғы.
Дүлей дауыл мұның алдында электр желілерін үзіп, бағандарды, ағаштарды құлатқан. Екі жеті жарықсыз отыру оңай емес, әрине. Тоқтың машақатын тартқан халықтың шыдамы таусыла бастады.
11 тамызда ойран салған дауылдан Индиана штатында 360 мың абонент жарықсыз қалса, соның 300 мыңға жуығы желіге қайта қосылды. Қалған 68 мыңы екі аптадан бері көмек күтіп отыр.
Шатия Хардин, жергілікті тұрғын:
- Менің екі тоңазытқышым бар. Бірі қоймада, екіншісі асүйде тұр. Екеуіндегі азық-түлік бұзылып кетті. Амал жоқ, қоқысқа тастадым.
Шатия Хардин Индиана штатының Гари қаласында тұрады. «Дүлей дауылдың салдарынан шаштараз жұмысы тоқтап қалған. Сондықтан қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болдым», - дейді.
Шатия Хардин, жергілікті тұрғын:
- Ұялы телефон қуаттайтын тоқ жоқ. Байланыстан қол үзіп қалдық. Түнде көше қараңғы. Тек көліктердің жарығы ғана көрінеді. Алғашқы күндері жанармай бекеттері де жұмыс істемей тұрды. Жүргізушілер көліктерін бензині таусылған жерде тастап кетіп жүрді.
АҚШ-та жаңа оқу жылы өткен аптада басталған еді. Алайда жарық берілмей, қаладағы төрт жарым мың бала сабаққа бара алмай отыр. Қазір мектептер жабық. Қалада батарея мен шам қат. Биік үйлерде жеделсаты істемей, сыртқа шығу мұңға айналды. «Жергілікті тұрғындар жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатқанына наразы. Тіпті энергияға жауапты компанияны сотқа да береміз», - деп отыр.
Дениз Бернс, жергілікті тұрғын:
- Қыркүйекке дейін электр қуаты болмайды деп жатыр. Дүкендер жабық. Тамақ жоқ. Тас ғасырына оралғандай күн кешіп жүрміз.
Индиана штатының губернаторы биліктен көмек сұрады. Өйткені дүлей дауылдан келген шығын көлемі – 5 млрд доллар. «Ал электр компаниясының өкілдері күшейтілген режимге көшіп, көшелерді рет-ретімен жарыққа қосамыз. Алайда құлаған ағаштар жұмысқа көп кедергі келтіріп отыр», - дейді.
Авторы: Зайнұр Байжігіт