Қытайға екі тайфун қатар жақындап келеді: елде қызғылт сары деңгей жарияланды

фото: depositphotos.com

Қытай екі тайфунның жақындауына байланысты метеорологиялық ескерту деңгейін «сарыдан» «қызғылт сарыға» дейін көтерді, деп хабарлайды 24KZ Синьхуа ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ұлттық метеорологиялық орталықтың мәліметінше, биылғы 19-шы тайфун «Нарра» сейсенбіге қараған түні мен сәрсенбі күндіз аралығында елдің оңтүстігіне шығуы мүмкін. Ол Хайнань аралын айналып өтіп, Гуанси-Чжуан автономиялық ауданы мен Гуандун провинциясы арасындағы жағалау аймағына жетеді.

Ал 18-ші тайфун «Саудель» сәрсенбі күні Шығыс Қытай теңізіне кіріп, бейсенбіге қараған түні мен жұма күндіз аралығында Чжэцзян мен Фуцзянь провинцияларының жағалауына шығуы ықтимал.

Алдағы тәулікте Фуцзянь, Цзянси, Гуандун және Хайнань провинцияларында қатты нөсер жауып, жекелеген аудандарда жауын-шашын өте мол болады деп болжанып отыр.

Айта кетейік, биылғы 20-шы тайфун «Гаенари» дүйсенбі күні Фуцзянь провинциясындағы Цюаньчжоу жағалауына шыққан. Қалың жауын-шашын салдарынан өңірдегі бірнеше өзенде су деңгейінің көтерілу қаупі туындап, Қытайдың Су ресурстары министрлігі Фуцзяньда су тасқынына байланысты төртінші деңгейдегі төтенше жағдай режимін енгізді.

Сондай-ақ оқыңыз: