Еуропада егін бітік шықпайын деп тұр

Биыл елде күн ерте жылып, оның үстіне күн ыстық әрі қазіргі уақытта жаңбырдың ас көп жаумауы астықты өңірлер үшін қолайла болып тұр.

Алайда климаттың өзгерісі біреуге жаққанмен, біреуге жақпайды. Еуропада егін бітік шықпайын деп тұр. Жаздық дақылдардың ішінде, әсіресе жүгері едәуір зиян шекті. 

Еуропалық комиссия Біріккен зерттеу орталығының дерегі бойынша өнімділік 14%-ға дейін азаюы мүмкін. Сапасы да мардымсыз. Есесіне баға шарықтап тұр. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының болжамына сүйенсек, келер жылы 49 млн-ға жуық адам ашаршылыққа ұшырауы мүмкін. 

Биыл Еуропа бұрын-соңды болмаған аптап ыстыққа тап болды. Соның салдарынан егін бітік шықпайын деп тұр. Бидай, арпа, тағы басқа астық тұқымдас қысқы дақылдарға қатысты мәселе жоқ. Ал жаздық дақылдардың шығымына қауіп төніп тұр. «Өнімділік кейінгі бес жылда 14%-ға дейін қысқаруы мүмкін», - дейді сарапшылар. Мамыр, маусым және шілде айларында су тапшы болып, жүгері қатты зиян шекті. Өйткені аптап ыстық дән өсіп жетілетін кезеңімен тұспа-тұс келді. Дақылдар жылдам піскенімен биологиялық масса жинап үлгермеген. Яғни құнарлығы төмен. Әсіресе Франция, оңтүстік Германия, Италия, Австрия, Чехия, Словакия, Батыс Румыния және Мажарстанда жағдай күрделі. 

Майкл Пеллмейер, шаруа:

- Біздің өңірде екі ай бойы жаңбыр жауған жоқ. Соның салдарынан өнім сапасы нашар. Құрғақшылықтан ең көп зардап шеккен жүгері дақылы. Олардың собығы мүлдем жоқ екенін анық байқауға болады. Өсімдіктер собық қалыптастыруға тырысқан, бірақ ылғалдың жетіспеуінен шықпай қалған болса керек.

Азық-түлік және Ауыл шаруашылығы ұйымының кейінгі божамына сәйкес 2026 жылы астық өндірісі 2 983 млн тоннаға жетеді. Әлемдік тұтыну көрсеткіші 2026-2027 жылдары 2 961 млн тонна деңгейінде болады. Астық дақылдарының қоры жеткілікті. Маусым соңына қарай 957 млн тоннадан асады. Ал әлемдік сауда – 507,6 млн тонна. 

Мамандар қолайсыз күн райы алдағы уақытта үйреншікті жағдайға айналатынын айтады. Сондықтан ауыл шаруашылығын қазірден климат өзгерісіне бейімдеу қажет екенін ескертеді. Мәселенің бір шешімі ретінде өсірілетін дақылдардың құрылымын өзгерту қажет дейді. 

Раймунд Йеле, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша төраға орынбасары:

- Молдова сияқты елдерде жүгері көптеген жылдар, тіпті ғасырлар бойы малды азықпен қамтамасыз ету мақсатында өсіріліп келді. Біз құмайды қолдану бойынша сынақтар жүргіздік. Ол – құрғақшылыққа әлдеқайда төзімді дақыл. Сонымен қатар құмай мал азығына қажетті көмірсулардың жеткілікті мөлшерін береді. Сол себепті біз қазір өсіріп отырған дақылдар құрылымы топырақтағы суды сақтау тұрғысынан қаншалықты тиімді екенін қайта қарауымыз керек.

Италияда алма ерте пісті 

Кәрі құрлықта сондай-ақ жеміс пен көкөніс ерте пісіп жатыр. Қуаңшылық алманың сапасына әсер еткен. Соның салдарынан алма әдеттегідей үлкен емес. Италияның солтүстігіндегі Трентино-Альто-Адидже өңірі Еуропадағы алма өндіретін жетекші аймақтардың бірі. Бағбандар танымал «Гала» сұрыпын екі аптаға ерте жинай бастаған. Су тапшылығы кезінде жемістер қызыл түске боялмастан, пісіп кеткен. Сол себепті ерте жиналған өнімнің бір бөлігі бірден сатылмай, қайта өңдеуге жіберіледі. Бұлшаруалар үшін қосымша шығын. Дүниежүзілік алма және алмұрт өндірушілері қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, биыл Еуроодақтағы алма өндірісі 9,5 млн тоннаға жуықтайды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 15,6%-ға кем.

 

Джан Паоло Антониоли, бағбан:

- Алмалардың көлемі кішкентай. Су тапшылығынан олар үлкейіп, өсе алмай қалған. Соның кесірінен жемістер жылдам сарғайып, ерте пісіп кетті.

Дунайдың тартылуы логистиканы бұзды 

Дунайдың тартылуы астық экспортына қауіп төндіріп тұр. Өзеннің Будапешттегі тұсы қазір 8-18 сантиметр деңгейінде. Ал қалыпты кеме қатынасы үшін судың тереңдігі кемінде 2 жарым метр болуға тиіс. Осыдан Дунайдың Мажарстан аумағы арқылы кемелер өте алмай тұр. Мажарстан ауыл шаруашылығы өнімдерін Дунай арқылы тасымалдайды. Сарапшылар енді астық қоры артық қалып, сатылмай қалады деп қауіптенеді. 

Салма Ботонд, Кеме брокерлері мен агенттері ұлттық қауымдастықтары федерациясының атқарушы вице-президенті:

- Қазір Дунай өзені арқылы жүк тасымалдау мүмкін емес. Кемелер өзеннің кей бөліктерінде ғана аз жүк тиеп жүре алады. Ал Мажарстан аумағынан кемелердің көбі мүлдем өте алмайды. Осыдан жүк тасымалы тұралап, логистикалық тізбектер бұзылды. Бұл Венгрия үшін ғана емес, күллі Еуропа үшін күрделі мәселеге айналды.

49 млн адам аштыққа ұшырауы мүмкін 

Эль-Ниньо құбылысы салдарынан келесі жылдың соңына қарай тағы 49 млн-ға жуық адам аштыққа ұшырауы мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауынша, азық-түлік тапшылығына тап болған адам саны 274 млн-ға жетуі мүмкін. Ал Орталық Америка мен Оңтүстік Африка ең көп зардап шегетін өңірлердің қатарында болады.

Сондай-ақ оқыңыз: