Швейцария мұздықтары биыл 5 пайызға қысқарды
Климат өзгерісі жаһандық экожүйеге қауіп төндіріп тұр. Жер шарының орташа жылдық температурасы жылдан жылға артып келеді. Мұның салдарынан Еуропада мұздықтар азайып барады. Тек биылдың өзінде Швейцарияда оның көлемі 5 пайызға қысқарды. Ал Словенияда мұздықтар жойылуға шақ тұр. Бұған қоса, кәрі құрлықтың көп бөлігін қуаңшылық жайлады. Жалпы климат өзгерісін тоқтату мүмкін бе? ЮНИСЕФ өкілдері мәселені дереу шешпесек, жаһандық жылынуды тежеу мүмкіндігі азаяды деп ескертеді, деп хабарлайды 24KZ.
Жаһандық жылынудан әлемде табиғи апаттар жиіледі әлем ғаламдық жылынудан зардап шегіп жатыр
Жаһандық жылыну бүкіл әлемге әсер етіп, ауа температурасының көтерілуіне және аптап ыстықтың жиілеуіне себеп болып отыр. Бұл өзгеріс әсіресе Еуропада анық байқалады. Кәрі құрлықтағы жылыну қарқыны жаһандық орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Былтыр Еуропаның 95 пайызында ауа температурасы қалыпты деңгейден жоғары болды. Мұндай ыстық табиғатқа да әсер етіп, орман өрттерінің таралу қаупін күшейткен. Әсіресе Испания мен Португалия сияқты елдер қатты зардап шекті. Мамандар климаттың жылынуы алдағы уақытта Еуропадағы өрт қаупін одан әрі арттыруы мүмкін екенін ескертеді.
Фридерика Отто, климатолог:
– Орман өрттерінің жиілеуіне түрлі жағдай себеп. Мысалы, Испанияда қараусыз қалған жерлер көп. Ауылдар босап, егістіктер өңделмей жатыр. Салдарынан қураған шөп пен өсімдік кез келген ұшқыннан оңай тұтанады. Ал Францияның Бордо қаласы маңында жағдай басқаша. Онда қолдан отырғызылған қарағайлы орман көп. Ашық жер жоқ. Олар қураса, өрт шықса тез жанады. Мұндай өртті тоқтату өте қиын.
Климаттың өзгеруі аралдарға да қауіп төндіріп тұр. Тувалуда БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясына дайындық жиынында осы мәселе қарастырылды. Экваторға жақын орналасқан Тувалуға мұхит суының көтерілуі көп қауіп төндіріп тұр. Мұнда жыл бойы ыстық. Көктем, күз және қыс сияқты маусымдар байқалмайды. Жыл жаңбырлы және құрғақ кезеңдерге бөлінеді. Зерттеушілер: «Мұхит суныңы деңгейі осы қарқынмен көтеріле берсе, 2050 жылға қарай арал толық суға кетуі мүмкін», - дейді.
Мелелуси Сокотия, белсенді:
- Бүгін Тувалудағы барлық баланың атынан сөз сөйлеп тұрмын. Климаттың өзгеруі туған жерімізге қауіп төндіріп тұр. Су күннен күнге жақындап келеді. Достарым мұғалім, дәрігер, құрылысшы болуды армандайды. Десе де бәріміздің ортақ бір арманымыз – туған жерімізде қауіпсіз өмір сүру. Қиын кезеңді еңсеру үшін көмек пен қолдауға мұқтажбыз. Сондықтан Тувалуды қорғау үшін бірге әрекет етуге шақырамын.
Еуропа әлемнің басқа аймақтарына қарағанда шамамен екі есе жылдам жылып жатыр. Климаттың өзгеруі әсіресе Альпі тауларында қатты байқалады. Соның салдарынан Швейцариядағы мұздықтар жылдам еріп жатыр. Биыл қалыңдығы 4 метрге азайып, көлемі 5 пайызға қысқарған. Бұл елдің ұлттық мониторинг қызметінің ақпараты. Мамандар мұны қыста қардың аз түсуімен және ыстықпен байланыстырады. Биыл елде аптап ерте басталды. Мамырдан бері бірнеше рет қатты ыстық тіркелді. «Нәтижесінде шілде-қыркүйек аралығында Швейцария мұздықтары шамамен 2,2 трлн су жоғалтқан», – дейді зерттеушілер.
Матис Хусс, GLAMOS ғылыми-зерттеу ұйымының басшысы:
– Соңғы 10 жылда Швейцария мұздықтарының еруі 25-30 пайызын құрайды. Егер 1990 жыл мен 2000 жылдары бұл көрсеткіш 10 пайыз болса, қазір 2-3 есе артып отыр. Бұл құбылысқа қыста қардың аз түсуі мен жазда ауа температирусының рекордтық деңгейге көтерілуі әсер етті. Ал жаһандық жылыну 2022 жылдан бері қатты сезіле бастады.
Жаһандық жылыну үрдісі Еуропамен ғана шектелмейді. Көп елдің ауа райына әсер ететін факторлардың бірі – Эль-Ниньо климаттық құбылысы. ЮНИСЕФ-тің соңғы мәліметіне сәйкес 2026 жылдың қазан-желтоқсан айларында 100-ге жуық елде 347 млн-нан астам бала құрғақшылық қаупіне тап болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде қатты су тасқыны мен құрғақшылықтың жиілеуіне әкеліп, ауыр зардаптарға соқтыруы ықтимал. ЮНИСЕФ елдерді жағдайдың ушығуын күтпей, қазірден бастап қажетті шараларды қабылдауға шақырады. Атап айтқанда, су қорын сақтау, құрғақшылыққа төзімді ауыл шаруашылығын дамыту және халықты табиғи апаттардан қорғау жүйесін күшейту қажет.
Автор: Динара Қуандыққызы