Түркияда тағы да ет қымбаттады
Түркияда ет бағасы тағы шарықтады. Анкара базарларында қой етінің келісі 17 мың, ал сиыр еті 11 мың теңгеден саудаланып жатыр.
Бұл елде кейінгі жылдары ет өндірісі азайып, есесіне шаруалардың шығыны еселеп өскен. Ол аздай, маман тапшылығы мәселені ушықтырып отыр. Мұның барлығы түптеп келгенде ет бағасының шарықтауына әкелді.
Анкарадағы ет дүкені сөрелерінде баға бірден көзге түседі. Мына жерде сиыр етінің келісі 1130 лира, біздіңше шамамен 11 мың теңге, ал тартылған ет 9 мың теңгеден саудаланып жатыр. Бір отбасыға бірнеше келі ет алу үшін қомақты қаражат қажет. Сондықтан тұтынушылар да бұрынғыдай етті күн сайын емес, көбіне мерекелік дастархан мәзіріне пайдаланады.
Ресми дерекке сүйенсек, Түркияда бір адам жылына орта есеппен 46 келі ет тұтынады. Бірақ соның 17 келісі ғана мал еті. Елдегі жылдық ет өндірісі 2 млн тоннаға жуық. Оның басым бөлігі ірі қарадан алынады. Яғни, қызыл етке сұраныс аз емес. Бірақ өндіріс жылдан жылға кеміп барады. Сарапшылар мұны саланы ұршықша иіретін мамандардың тапшылығымен байланыстырады.
Фазлы Ялчындағ, Түркия қасапшылар федерациясының төрағасы:
- Біздің ауылдық өмір салтымыз өзгерді. Қазір көптеген ауылдар мен елді мекендерде тұратын халық азайып барады. Бұрын ауылда тұратын адамдар ағарғанды өзі өндіріп, өздері жасайтын. Тіпті өзіне қажетті етті де өзі қамтамасыз ете алатын. Біз осы дәстүрлі шаруашылық жүйемізден айырылып қалдық. Қазір біз ірі қара малды Уругвай, Бразилиядан импорттаймыз. Кей елдерден қаңқаланған ет те жеткізіледі. Импортқа тәуелділікті азайту үшін Түркияда мал санын көбейтіп, бұл саланы кеңінен дамыту қажет.
Анадолы жерінің табиғи жағдайы қой мен ешкі сияқты ұсақ мал шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ. Қазір елде 45 млн ұсақ мал және 17 млн-дай ірі қара бар. Алайда сарапшылар мал өсіру шығынының артуы шаруаны ширатуға кері әсер етіп отырғанын айтады.
Бирол Темур, сарапшы:
- Қазір Түркияда ет өндіретін фермерлер азайып барады. Жанармай бағасы қымбаттаған сайын тасымал шығыны өседі. Мал азығы да қымбаттайды. Осы шығындардың барлығы ақыр соңында ет бағасына қосылады. Қазір барлық жұмыс техника арқылы жеңілдегенімен, бұл да шығынды азайтқан жоқ. Керісінше, техника мен жанармайға тәуелділік артты. Бұлай жалғаса берсе, алдағы 10 жылда қазір 800 лирадан саудаланатын еттің келісі 2-3 мың лираға жетуі мүмкін.
Өндіріс шығыны артқан сайын ет бағасы да қымбаттайды. Ал бағаның өсуі тұтынушының қалтасына ғана емес, сатушылардың табысына да әсер етіп отыр.
Фазлы Ялчындағ, Түркия қасапшылар федерациясының төрағасы:
- Бұрын 100 келі ет сатып тапқан табыс пен қазір 80 келі ет сатудан түсетін табыс бірдей емес. Сатылым азайған сайын қасапшылардың да кірісі төмендейді. Бұл – бір-бірімен байланысқан тізбек. Бір жағында өндіруші, одан кейін жеткізуші мен сатушы, ал соңында тұтынушы тұр. Осы тізбектің бір буынында мәселе туындаса, салдары бүкіл салаға әсер етеді.
Қазақ «ет жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді», - дейді. Түріктердің де қызыл етке деген тәбеті бөлек. Алайда қымбатшылық тұрғындардың таңдауын өзгертіп, арзан балама іздеуге мәжбүрлеп отыр. Сарапшылардың айтуынша, мәселені шешу үшін мал азығының бағасын тұрақтандырып, ауыл шаруашылығына қолдауды арттыру қажет. Әйтпесе қызыл ет қарапайым халықтың дастарханынан біртіндеп алыстай түсуі мүмкін.
Авторы: Ә.Нұрлыбаева