Әмірлікте бизнесті бақылау күшейді

Дубайда бизнес жүргізу тәртібі өзгерді. Таяу Шығыстың ірі қаржы нарығындағы Иранға қатысты санкциялық тәуекелдер ел билігін осындай қадамға мәжбүр етті. Енді Әмірлікте әр ақша аударымы мұқият тексеріледі.

Бұл іске Жасанды интеллект желілері енгізілді. Дубайдағы тілшіміз Рауан Мыңбайды тыңдайық.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Арабтың бай қалалары Иранмен бизнес байланыстарды үзуге мәжбүр. Саяси тұрғыда екі жақ экономикалық қатынастарды уақытша тоқтатып қойды. Қашан қалпына келері белгісіз. Ресми Абу-Даби де, Тегеран да әзірге тікелей диалогқа барған жоқ. Сарапшылар сөзіне қарағанда, бұл ұзаққа созылатын процесс. Кемі 3 жылға жалғасуы мүмкін. Жағдайға жергілікті кәсіпкерлер қауымдастығы алаңдай бастады. Өйткені Дубай – ирандық капиталы мол қала. Жалпы құны миллиардтаған долларға пара-пар. Әмірлік банктеріне деген көзқарас сол себепті қатаң. Әр ақша аударымы мұқият тексеріледі.

Сандра Лоу Рас Әл-Хайма, халықаралық корпоративтік орталығының өкілі:

- Қазіргі геосаяси тәуекелдер жағдайында бизнесті әртараптандырудың маңызы артып келеді. Инвестиция ғана емес, банкпен жұмыс істеу кезінде де тәуекелдерді ескере білген жөн. Мысалы, компанияның қаржысы мен активтерін әртүрлі юрисдикцияда құрылымдау керек. Мұндай тәсіл бизнеске капиталды қорғауға және халықаралық нарықтардағы өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік береді. Жағдай қалай өзгерсе де, алдын ала дайын болғанымыз дұрыс.

Демек Әмірлік өңірлік тұрақсыздыққа қарамастан, қаржы капиталын қорғауды бастап кетті. Атап айтқанда, санкциялық тәуекел артқан кезеңде сыртқы ақша аударымдарын жіті бақылауды қолға алды. Бұл іс әр банк жүйесіне енгізілген Жасанды интеллект арқылы да жүзеге асырылмақ. Жаңашыл тәртіп АҚШ-Иран соғысынан кейін екі оттың ортасында қалған Араб елдері экономикасын тұрақсыздықтан қорғауға тиіс.

Тариқ Низами, экономист, «Ceo Clubs Network Worldwide» қауымдастығының басшысы:

- Жасанды интеллект кез келген салада қолдануға болатын құралға айналды. Ол бизнестің шығынын есептеуге, процестерді тиімді басқаруға және қосымша табыс табуға көмектеседі. Сондықтан кәсіпкерлер AI технологиясын енгізуді кейінге қалдырмауы керек. Алғашқы кезеңде белгілі бір инвестиция қажет болғанымен, кейін пайдасын еселейді.

Айта кеткен жөн, Абу-Даби мен Дубай Тегеран өкілдеріне тиесілі активтерге келгенде қатаң көзқарас ұстанып отыр. Яғни ислам мемлекетінің қаржы капиталын бұғаттан шығару операцияларына Әмірлік әу бастан «қатысымыз жоқ» деді. Сөйтіп тәуекелі көп істен бас тартты. Бұл қадам бір есептен шығанақ қалаларын санкциялық сын-қатерден қорғады.

Авторы: Рауан Мыңбай

Сондай-ақ оқыңыз: