Пластик адамның азығына айнала ма?
Америкалық ғалымдар қайта өңделген пластиктен печенье әзірледі. Жобаға НАСА агенттігі бастамашы болған. Өйткені ғарышкер тамағы ұзақ сақтауға жарамды әрі жеңіл болуға тиіс.
Гендік инженерия мамандары осы мәселені шешуге мән беріп отыр. «Сондай-ақ бұл азық-түлік тапшылығының алдын алудың бір жолы», - дейді. Олай болса, болашақта пластик адамның азығына айнала ма?
Әлемде жылына 130 млн тонна пластикті қоқысқа тастайды. АҚШ-тағы Оңтүстік Иллинойс университетінің ғалымдары мұны кәдеге жаратудың тың тәсілін ойлап тапты.
Әуелі пластик бөтелкелерді химиялық жолмен ыдыратады. Кейін гендік модификацияланған ашытқы қосып, құрамындағы көміртекті биологиялық затқа айналдырады. «3D-принтердің көмегімен зертханада әзірленген өнім ақуызға бай», - дейді ғалымдар.
Сандья Джаясекара, оңтүстік Иллинойс университетінің магистранты:
- Өнімді қауіпті бактерияларға зерттедік. Сондай-ақ ауыр металдарға талдау жүргіздік. Енді аллергия туғыза ма, жоқ па? Соны анықтауымыз керек. Аллергендерден бөлек, ақуыз адам бойында қалай ыдырайтынын сынақтан өткізуіміз керек.
Жасанды өнімнің бір келісі – 60 доллар. Алайда ғалымдар өндірісті арттырса, бағасы да арзандай түседі. «Яғни болашақта қолжетімді болады», - деп санайды.
Сандья Джаясекара, оңтүстік Иллинойс университетінің магистранты:
- Бұл тағам өндірудің жаңа технологиясы. Мұны «Микробайттар» деп атайды. Пластикті қайта өңдегеннен гөрі, бұл тәсілдің екі артықшылығы бар. Біріншіден, қоқыстан құтыламыз. Екіншіден, азық-түлік мәселесін шешудің бір жолы ретінде қарастыруға болады.
Қазір Жер бетінде 8 млрд-тан аса адам тұрады. 20-30 жылда бұл көрсеткіш 9 млрд-қа жетуі мүмкін. Яғни тоқшылықтың да аштығы болады. «Адамзатты азық-түлікпен қамтудың өзектілігі арта түседі», - дейді мамандар.
Лахиру Джаякоди, Оңтүстік Иллинойс университетінің доценті:
- «Микробайттарды» сүңгуір қайық немесе алыс жолға алып шығуға ыңғайлы. Сыртқы әлемнен оқшауланып, төтенше жағдай кезінде өз бетінше тамақ әзірлеуге мүмкіндік береді.
Әзірге жасанды печенье тек зертханалық жағдайда ғана тексеріліп жатыр. Ал пластиктен 3D-принтердің көмегімен әзірленген өнім қаншалықты қауіпсіз? «Мұны анықтауға уақыт қажет», - дейді ғалымдар.
Авторы: Зайнұр Байжігіт