Еуропаға 7 млн тонна жүгері қажет

ЕуроОдақ елдеріне 7 млн тонна жүгері қажет. Бұл Еуропа мал азығын өндірушілер қауымдастығының дерегі. Өйткені қуаңшылықтан біраз дақыл шықпай қалған. Шықса да шығымы аз. 

Бұл жақтағылар биыл амалдап шыққанмен, келешекте де жағдай оңалайын деп тұрған жоқ. «Келер жазда Еуропаның біраз бөлігі тағы қуаңшылыққа ұшырайды», - дейді мамандар. Оның үстіне аймақта су да тапшы болып барады.

Осы уаққа дейін нарықтың көшбасшысы болып келген Мажарстан биыл импортқа тәуелді болатын түрі бар. Өйткені ылғалдың жетіспеуінен бұл елде жүгерінің өнімділігі 33 пайызға азайған. Сондықтан келер жылы мажарлық шаруа Карой Ковач егістік алқаптарын қысқартуға ниетті. Мұның орнына тауық жұмыртқасынан құрғақ макарон өнімдерін шығаруды қолға алмақ.

Карой Ковач, шаруа:

- Бұрын жеріміз құнарлы болатын, жаңбыр да көп жауатын. Бір гектардан 17 тонна жүгері жинаған кезіміз де болды. Қазір қуаңшылық қалыпты жағдайға айналып барады. «Көбі неге әлі жүгері егесің?» деп сұрайды. Мен оны байып кету үшін өсірмеймін. Тауықтарыма табиғи таза жем бергім келеді.

Иә, жаз бойы баптаған егін су болмаса өнім бермейді. Ал биыл арнасынан тасып, төгіліп жататын Дунайдың суы сирақтан аспай қалды. Сондықтан қазір Еуропаның бірқатар елінде диқандар суды көп қажет етпейтін дәнді дақылдарға көше бастаған. Солардың бірі - Стефан Морару. Румыниялық фермер биыл жүгерінің орнына күнбағысқа ауысқанын айтады.

Стефан Морару, шаруа:

- Қазір 4 мың гектар жер суару жүйесімен жабдықталған. Диқандар бұл салаға әлі де қаржы салуға әзір. Бірақ каналға су келмесе, бұл құр бос шығын ғой дейді. 

Диқандар ауыл шаруашылығын қазірден климат өзгерісіне бейімдеу қажет екенін ескертеді. Мәселенің шешімі ретінде жүгерінің элиталық, яғни күн райына төзімді сұрпын жасап шығару жұмыстарын жүргізуді ұсынып отыр. Өйткені биыл Еуропалық Одақ елдері 50,1 млн тонна жүгері жинады. Ал бұл кейінгі 20 жылдағы ең төменгі көрсеткіш.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: