Қырғызстанда Қамчыбек Тәшиевке қатысты сот үкімі өзгертілді

фото: gazeta.uz

Қырғызстанда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамчыбек Тәшиев пен тағы жеті адамға қатысты сот шешімі өзгертілді, деп хабарлайды 24KZ Kaktus.media басылымына сілтеме жасап.

Сот айыптаудан билікті күшпен басып алуға әрекет жасау туралы бапты алып тастады. Оның орнына сотталушылар сайлау құқығын жүзеге асыруға кедергі келтірді деп танылды.

Қамчыбек Тәшиев, бұрынғы Бас прокурор Курманкул Зулушев, парламенттің экс-спикері Нурланбек Тургунбек уулу және тағы бес адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда оларға екі жылға пробациялық бақылау белгіленген. Сондықтан сотталғандар жазасын түрмеде өтемейді.

Жаңа бап бойынша мүлікті тәркілеу қарастырылмаған. Сондықтан сотталушылардың мүлкін тәркілеу туралы бұрынғы шешім де жойылды.

Үкім жабық отырыста жарияланды. Сот қызметкерлері сот залына ешкімді кіргізбеген. Басылымның мәліметінше, Қырғызстан заңнамасы бойынша үкім жарияланған кезде сот залына кіруге шектеу қойылмауы тиіс.

Бұған дейін, шілде айында, бірінші сатыдағы сот Қамчыбек Тәшиев пен басқа да айыпталушыларды билікті күшпен басып алуға дайындалды деп таныған. Сот олардың әрқайсысын төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Сондай-ақ мүлкін тәркілеу және үш жылға пробациялық бақылау белгіленген. Ал прокуратура сотталушыларды тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Сондай-ақ оқыңыз: