Мұнай төңірегінде қатер көбейді

Әлемдік нарықта мұнай бағасы 120 доллардан асуы мүмкін. Goldman Sachs сарапшылары «геосаяси тәуекелдер күшейсе, қара алтын қымбаттай береді» деп болжайды. Қазір мұнай бағасы бір түсіп, бір көтеріліп тұр. Халықаралық энергетикалық агенттік те мұнай нарығына қатысты болжамынын қайта саралады.

Өйткені тамызда әлемде мұнай өндірісі айтарлықтай азайды. Нақтыласақ, тәулігіне 10 миллион баррелге кем. Бұған себеп – Парсы шығанағындағы жағдай.

Ендігі бір мәселе – бұған дейін жиған қор да азайып барады. Ал бірер күн бұрын Сауда Арабиясы Шығыс-Батыс құбырын жауып тастады. Ормуз бұғазындағы жағдай ушықпаса, оңалған жоқ. Ал Хуситтер Баб эль-Мандебті басып алуға шақ тұр. Бұл жағдайлар әлемдік энергетика саласын одан сайын тығырыққа тіреуі мүмкін. Нарықты енді не күтіп тұр? 

Шығыс-Батыс мұнай құбыры – Сауд Арабиясындағы стратегиялық маңызы бар нысан. Ұзындығы шамамен 1200 шақырымға созылып жатқан құбыр Сауд Арабиясының шығысындағы негізгі мұнай-кен орындарын Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу портымен байланыстырады. Ормуз бұғазын айналып өтіп, шикізатты Қызыл теңіз арқылы эспорттауға мүмкіндік береді. Кейінгі бірнеше айда құбыр арқылы тәулігіне 4-5 миллион баррель мұнай тасымалданған. Бұл әлемдік мұнай ұсынысының 4-5 пайызына тең. «Сондықтан құбырға жасалған шабуылдар әлемдік деңгейде дағдарысқа әкелуі мүмкін» ,- дейді сарапшылар.

Бұл жағдайдың салдары өте ауыр болады. Өйткені экспортқа арналған 5 миллион баррель мұнай нарықтан жоғалады. Бұл тек біздің мәселеміз емес. Жаһандық түйткіл. Егер Иран Ормуз бұғазы мен Баб-эль-Мандеб бұғазын жауып тастайтын болса, оның зардабын бүкіл әлем тартады. Халықаралық қауымдастық қандай да бір шара қабылдауы керек.

Сәуір айында дәл осы құбырдағы сорғы станциясында апат болып, мұнай өндіру тәулігіне 700 мың баррельге дейін азайған еді. Сол кезде Сауд Арабиясы станцияның жөнделіп, не бары үш күн ішінде толық қуатына қайта келтірілгенін мәлімдеген болатын. Ормуз бұғазындағы ахуалдың ушығуы мұнайдың негізгі экспорттық бағыттарына қысым түсірсе, Йемендегі хуситтердің шабуылы Қызыл теңіз бен Баб эль-Мандебтегі тасымал қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр. Қарулы топ бұғаз маңындағы Перим аралын да бақылауға алды. Бұл Оңтүстік Африка жағалауындағы Үміт мүйісін айналып өтетін теңіз бағыттарындағы қозғалысты шектейді. Ал Баб эль-Мандебті толық басып алса, жағдай тіптен ушығады. Өйткені хуситтер Қызыл теңіздегі Сауд арабиясына тиесілі кез келген кемелердің қозғалысын шектеп тастады.

Яхья Сари, хуситтер тобының баспасөз хатшысы:

- Теңіздегі кеме қатынасы барлық компаниялар үшін қауіпсіз. Тек Сауд Арабиясына тиесілі кемелер өтпейді.

Ормузда кеме қозғалысы шектелгеннен кейін, Баб-эль-Мандеб бұғазының маңызы екі есе артқан еді. Бұғаз Аден шығанағы мен Араб теңізін Қызыл теңізбен байланыстырады. Қызыл теңіздің солтүстік бөлігінде Мысырдағы Суэц каналы орналасқан. Азиядан Еуропаға Суэц каналы арқылы қатынайтын кеме алдымен Баб-эль-Мандеб бұғазынан өтуі тиіс. Сарапшылардың пайымдауынша, Сауд Арабиясы енді мұнай экспортының басым бөлігін Мысыр арқылы Суэц каналы немесе «Сумед» құбыры арқылы қайта бағыттауы мүмкін. Бұл құбырдың  ұзындығы 320 шақырымға созылады. Шикі мұнайды Қызыл теңізден Жерорта теңізіне жеткізеді.

Халықаралық Энергетика агенттігі 2026 жылға арналған мұнай нарығы болжамын қайта қарады. Әлемдік мұнайға деген сұраныс тәулігіне 2,5 млн баррельге қысқаруы мүмкін. Парсы шығанағындағы тәулігіне 10 млн баррельден астам өндірістік қуаттың тоқтауы салдарынан биыл жаһандық ұсыныс 5,7 млн баррельге азаюы мүмкін. Өндірістің толық қалпына келуі келесі жылға шегерілді. Қақтығыс басталғалы әлемдегі бақыланатын мұнай қорлары 507 млн баррельге азайған. Мұнай тапшылығымен қатар, мұнай өңдеу саласында да қиындық күшейді. Тамызда әлемдік мұнай өңдеу көлемі тәулігіне 81,4 млн баррель болды. Бұл былтырғы деңгейден 4,2 млн баррельге төмен.

Сондай-ақ оқыңыз: