Филиппиннің сайлау учаскесіндегі жанжал атысқа ұласып, үш адам қаза тапты
Филиппиннің оңтүстігіндегі Бангсаморо автономиялық аймағында парламент сайлауы қарсаңында атыс болды. Оқиға салдарынан кемінде үш адам қаза тауып, тағы 15 адам жарақат алды, деп хабарлайды 24KZ South China Morning Post басылымына сілтеме жасап.
Атыс Котабато қаласындағы мектеп маңында орналасқан сайлау учаскесінде болған. Полицияның мәліметінше, жанжал сайлаушылардың кезекке тұруына байланысты басталған. Екі саяси топтың жақтастары кезектегі орынға таласып, алдымен бір-бірін итермелеген. Кейін төбелеске ұласып, соңы атысқа жеткен.
Котабато полициясының басшысы Джибин Бонгкаяоның айтуынша, жанжалға қатысқандар бір-біріне бәсекелес саяси партиялардың өкілдері болған. Бұл партиялардың барлығы кезінде «Моро ислам азаттық майданы» (MILF) қозғалысының құрамында болған.
14 қыркүйекте Бангсаморо автономиялық аймағында парламентке алғашқы сайлау өтіп жатыр. Бұған дейін аймақ парламентінің депутаттарын билік тағайындаған.
Парламенттегі 80 орынға 13 партиядан кандидаттар бақ сынауда. Сайлауға шамамен 2,4 миллион тұрғынның қатысуға құқығы бар.
Алғашқы нәтижелер 14 қыркүйек кешке жарияланады деп күтілуде. Сайлаудың толық қорытындысы 15 қыркүйекте белгілі болады.