Қабарда-Балқариядағы қар көшкінінен қаза тапқан соңғы альпинистің денесі табылды
Ресейдің Қабарда-Балқария Республикасындағы Безенги шатқалында қар көшкінінен қаза тапқан соңғы 17-альпинистің денесі табылды. Құтқарушылар оның денесін тікұшақпен Нальчикке жеткізді, деп хабарлайды 24KZ.
Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің Қабарда-Балқария Республикасындағы бас басқармасының мәліметінше, Безенги шатқалындағы іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды. Қаза тапқан альпинистің денесі тікұшақпен эвакуацияланған.
Росгвардияның мәліметінше, қаза болғандардың арасында ведомство қызметкерлері де бар.
Айта кетейік, қар көшкіні 6 қыркүйекте Мижирги тауының баурайында болды. Альпинистер тобының құрамында барлығы 33 адам болған. Оның 10-ы таудан өздігінен түскен. Тағы алты альпинист жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілді.
Оқиғаға байланысты Ресей Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғады. Тергеу қызметтік салғырттық фактісі бойынша жүргізіліп жатыр.