Арабтар қазақ астығын алып жатыр

Біріккен Араб Әмірліктері кемі 5-6 айға жететін астық қорын дайындап жатыр. Өйткені бұл өнім сырттан келетін болғандықтан қаупі де қатар жүреді.

Әсіресе қазір қақтығыстар өршіген тұста жол қатынасында мәселе туындауы әбден мүмкін. Ал алдын ала қор жасақтап қойса, бұл бағаның тұрақты болуына да сеп.

Сол тұрақтылық үшін арабтар біздің елмен саудасын ұлғайтуға кірісті. Былтыр бұл жаққа алғаш рет қазақстандық бидай экспортталды.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Араб әмірліктерінде қазақстандық өнімдер тұтынушылар арасында кең танымал. Әсіресе етті аттай қалап, алдыратындар көп. Оның саудасы ілгеріде жолға қойылған. Бірнеше жерде емін-еркін сатылып тұрады. Бағасында да, сапасында да мін жоқ. Ал астық тасымалы енді қолға алына бастады. Айталық, былтыр бұл жаққа еліміздің алғашқы 1550 тонна бидайы жеткізілді. Жалпы сомасы – 255 мың доллар. Екі жақ мұнымен шектелмей, экспортты одан әрі еселеуге ынталы.

Әли Махмұд Әл Саджали, трейдер:

- Қазақстандық кәсіпкерлермен ауыл шаруашылығы саласында алғашқы байланысымызды орнаттық. Түсіністік жөніндегі меморандум жасалды. Қазір импортты ілгерілетуге қатысты жоспарларды қарастырудамыз. Сіздің елде аграрлық әлеует мол. Оны осы қазақ сауда үйі аңғартып тұр. 

Әмірлік жылына 2 млн тоннаға жуық астық тұтынады. Соның басым бөлігін сырттан тасымалдайды. Ресей және Украинадан әкеліп жүр. Бірақ кейінгі кезде ол жақтан импорттың келуі сиреді. Сондықтан трейдерлер қазақстандық өндірушілерге нарықта қосымша мүмкіндік бар дейді. Айтуларынша, Дубай және Абу Даби Таяу Шығыстағы ірі хаб. Инфрақұрылымдық әлеуеті ауқымды. Бұл жерге жеткізілген тауар тұтас өңірге тарайды. Кеме қатынасынан бөлек, эйр карго қызметі де іске қосылған. 

Яс Сейдан, халықаралық сауда саласы бойынша маман:

- Ресей мен Украинадан келетін бидайдың сапасы нашарлады деп айта алмаймын. Ол жағынан өзгеріс жоқ. Бірақ көлем айтарлықтай кеміді. Қазақстан сол бос кеңістікті толтыра алады. Оның үстіне басқа да араб елдерімен қатынас орнайды. Дубай мен Абу Даби нарығына енген тауар Таяу Шығыста танымалдылыққа ие болады. Бірлесе жұмыс істесек екі елге тиімділік артады.

Айтпақшы, араб фермерлері құмды өлкеде астық өсіріп, тыңнан түрен салып көрді. Мұндай тәжірибе сахара шөлінде бұрын-соңды болмаған. Алайда алақандай ғана жер бүкіл ел сұранысын өтемейді әрине. Демек шетелден астық тасымалы тоқтамайды деген сөз. Керісінше ұлғая бермек. Қазір билік өңірдегі шиеленіске байланысты 5-6 айға қажетті қор дайындауға кірісіп кетті. Тізімге 9 түрлі азық енген. Мұндай ұстаным бір есептен нан, ұн тәрізді күнделікті тұтынатын өнімдер құнын бір деңгейде ұстап тұруға сеп. Өйткені нарықта баға онсызда арзан емес. Дубайда бір бөлке нан біздіңше 500 теңге шамасында. 

Авторы: Рауан Мыңбай

Сондай-ақ оқыңыз: