Канадаға Еуроодақтың алғашқы қауымдастырылған мүшесі болу ұсынылды

Фото: depositphotos.com

Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Канадаға Еуропалық одақтың алғашқы «қауымдастырылған мүшесі» болу мүмкіндігін қарастыруды қолдады, деп хабарлайды 24KZ BBC-ге сілтеме жасап.

Урсула фон дер Ляйен Еуропарламентте сөйлеген сөзінде Канадамен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, оған «есіктерді ашу» бағытында жұмыс істегісі келетінін айтты. Бұл бірқатар маңызды салаларда ынтымақтастықты күшейтуді көздейді.

Өткен аптада Канада премьер-министрі Марк Карни АҚШ-пен қарым-қатынас шиеленіскен тұста Еуропалық одақпен одақтастықты нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеген еді.

Урсула фон дер Ляйен Канадаға ЕО-ға қандай да бір форматта қосылу туралы ұсыныс «біреуге қарсы құрылған серіктестік емес, ортақ күшімізді арттырудың жолы» екенін атап өтті.

Серіктестік – Еуропа үшін стратегиялық таңдау. Сонымен қатар бұл халықаралық жүйеде қалыптасқан және ережелерге негізделген тәртіптің бөлшектенуіне берілген жауап, – деді Еуропалық комиссия төрағасы.

Урсула фон дер Ляйен Канаданың қауымдастырылған мүшелігі нақты қалай жұмыс істейтініне қатысты әзірге егжей-тегжейлі түсініктеме берген жоқ. Дегенмен өндіріс, технология, жасанды интеллект, қорғаныс, энергетика, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар және экономикалық қауіпсіздік негізгі ынтымақтастық бағыттары болуы мүмкін екенін айтты.

Қазіргі уақытта Еуропалық одақта «қауымдастырылған мүше» деген мәртебе жоқ. Сондықтан мұндай форматты құру туралы шешім қабылданған күннің өзінде, оны жүзеге асыру процесі бірнеше жылға созылуы ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз: