Әлемде өзен сулары азайып барады
Жер шарындағы өзен бассейндерінің 36 пайызында су деңгейі қалыпты көрсеткіштен төмен. Бұл туралы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның жаңа есебінде айтылған. Жалпы әлемнің бір шетінде су тапшы болса, енді бірінде кемерінен асып, тасып жатыр.
Сарапшылар: «Жаһандық су айналымына болжам жасау жыл өткен сайын қиындап барады», - дейді. Бұл халыққа, ауыл шаруашылығына және әлемдік экономикаға елеулі әсер етуі мүмкін. Кейінгі 16 жылда құрлықтағы су қоры да азайған. Оған жерасты сулары, көлдер, өзендер, топырақ ылғалы, өсімдік құрамындағы су, қар мен мұз жатады. Есепке сәйкес, 2023-2025 жылдар аралығында мұздықтар жалпы 1400 гигатонна су жоғалтқан.