Аустралияда 500-ге жуық қолтырауын мекендейтін өзенде Олимпиада жарыстары өтеді
Аустралияның Квинсленд штатындағы Фицрой өзені 2032 жылы Брисбенде өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындары кезінде академиялық есу, байдарка және каноэ жарыстарын өткізуге арналған нысан ретінде бекітілді, деп хабарлайды 24KZ BBC-ге сілтеме жасап.
Жарыстар өтетін нысан халықаралық деңгейдегі бәсекелерге қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау үшін тәуелсіз техникалық сараптамадан өткен.
Ойындардың инфрақұрылымы мен үйлестіру жөніндегі тәуелсіз басқарманың мәліметінше, Фицрой өзеніндегі есу кешені қазірдің өзінде жаттығулар мен жарыстар өткізуге пайдаланылады. Сонымен қатар өзенде қолтырауын анықталған жағдайда қолданылатын арнайы қауіпсіздік шаралары мен тәртіптері әзірленген.
Бұған дейін «Брисбен-2032» ұйымдастыру комитетінің президенті Эндрю Ливерис қолтырауындардың қаупін асыра бағаламауға шақырған.
Мұхитта акулалар бар, бірақ біз сонда да серфингпен айналысамыз. Не істей алмайтынымызға емес, не істей алатынымызға назар аударуымыз керек. Ойлау жүйемізді өзгерткеніміз жөн, — деген ол.
Фицрой өзенінде Аустралияда salties деп аталатын теңіз қолтырауындары мекендейді. Олар тұзды суда да, тұщы суда да өмір сүре алады. Ересек дараларының ұзындығы алты метрден асады.
Мамандардың бағалауынша, Фицрой өзенінде шамамен 500 теңіз қолтырауыны бар.