Ресейде жыл басынан бері аю шабуылынан 10 адам қаза тапты
Ресейде жыл басынан бері аю шабуылынан 10 адам қаза тапты, деп хабарлайды «24KZ» ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Соңғы қайғылы оқиға Иркутск облысында орын алды. Орманда жидек теріп жүрген үш ер адамға аю шабуыл жасады. Салдарынан 65 және 55 жастағы екі жергілікті тұрғын оқиға орнында қаза тапты. Олармен бірге болған тағы бір ер адам қашып үлгеріп, аман қалған.
Жедел іздестіру шаралары мен қауіпсіздік шараларының нәтижесінде, екі адамды талап тастаған аюды аңшылар атып алды.
Қыркүйек айының басынан бері Сібір өңірінде бірнеше қауіпті жағдай тіркелді. Мәселен, Красноярск өлкесінде жыртқыштар бірнеше адамға шабуыл жасаған. Солардың ішінде 66 жастағы әйел өз үйінің маңында қаза тапты.
Сонымен қатар Бурятияда және Алтай Республикасында да аюлардың адамдарға тиісуі салдарынан қайғылы жағдайлар орын алды. Атап айтқанда, Алтайдағы демалыс базаларының бірінде аю шатырды жыртып, 29 жастағы туристі орманға сүйреп апарып өлтірген.
Ресейдің Табиғи ресурстар министрлігі бұл жағдайды Сібірдегі табиғи азық-түліктің толық шықпауымен, жеміс-жидек пен өсімдіктердің жұтаң болуымен түсіндіріп отыр.
Мамандардың айтуынша, күз түсіп, қысқы ұйқыға кетер алдында аюлар қарнын тойдыру үшін белсенді түрде қорек іздейді. Осыған байланысты жыртқыштардың елді мекендерге, жолдар мен саяжайларға жақындау қаупі күрт арта түседі.