Қытай мен АҚШ қандай келісім жасайды?
Си Цзиньпин мен Дональд Трамп Вашингтонда кездеседі. Қытай Төрағасы араға 11 жыл салып АҚШ-қа мемлекеттік сапармен барғалы отыр.
Қос держава басшылары мұның алдында көктемде Бейжіңде жүздескен еді. Екеуара талқылайтын мәселе әлі де көп. Әйтсе де сауда бітімі, жасанды интеллект, микрочиптер өндірісі бірінші тұр. Ирандағы соғыс, хуситтердің шабуылы, Ресейге қатысты жайттар да назардан тыс қалмайды, әрине.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен АҚШ-қа барады. «Кездесу барысында тараптар сұйытылған табиғи газ саудасын қайта жандандыру мәселесін талқылауы мүмкін», - дейді сарапшылар. АҚШ – әлем бойынша сұйытылған табиғи газдың ең ірі экспорттаушысы. 2024 жылы Қытайға 4,3 млн тонна көгілдір отын сатқан. Бірақ былтыр Дональд Трамптың тариф саясатынан кейін қос державаның арасы суып кетті. Содан бері Бейжің елге америкалық газ жеткізуді едәуір азайтты. 2025 жылғы көрсеткіш – 250 мың тонна ғана. Дегенмен өткен аптада Қытайдың ірі энергетикалық компаниясы америкалық көгілдір отынды 2030 жылдан бастап 20 жыл бойы сатып алуға келісті.
Джейн Накано, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері:
- Сұйытылған табиғи газ саласы – екі тарап үшін де тиімді ынтымақтастық. Бұл саладағы серіктестіктің жандануы қос ел арасындағы сауда шиеленісін азайтады.
АҚШ-тағы кездесуде Трамп үшін, әрине, маңызды тақырыптардың бірі Иран болмақ. Тамыз айында Вашингтон Тегеранға экономикалық қысымды күшейтті. Ислам мемлекетіне қолдау көрсеткен кез келген елге санкция енгіземін деп сес көрсетті. Бірақ Қытай Ираннан сырт айналғысы келмейді. Бейжің әлі де Тегеранның басты экономикалық серіктестерінің бірі. Рейтер агенттігі Қытай америкалық санкцияларды айналып өтіп, ирандық шикі мұнайды сатып алып жатқанын хабарлаған болатын.
Скотт Кеннеди, CSIS кеңесшісі, Қытай бизнесі және экономикасы жөніндегі қамқоршылық кеңесінің төрағасы:
- Менің ойымша, тараптар Солтүстік Кореядан гөрі Иран мен Украина төңірегіндегі ахуалды көбірек талқыға салады. АҚШ Ресей мен Иранға қарсы санкцияларға қатысты Қытайдан көмек алғысы келеді. Вашингтонның саяси орталарында Бейжің Мәскеу мен Тегеранға әскери, сауда сынды бағыттар бойынша қолдау көрсететіні жөнінде жиі айтылады. Тақауда Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И мен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио осы мәселе бойынша келіссөздер жүргізді. Екі ел бір-біріне өз ұстанымдарын жеткізді деп ойлаймын.
Ал Қытай үшін Тайвань мәселесі жоғары тұр. Қытай мен Тайвань арасында қақтығыс орнаса, бұған АҚШ араласа ма, жоқ па – белгісіз. Бір анығы – Құрама Штаттар Тайваньға қару-жарақ беріп отыр. Құны 14 млрд доллар болатын қару-жарақ пакетін қаңтар айында Конгрес алдын ала мақұлдап қойды. Бірақ АҚШ Мемлекеттік департаменті мәмілені аяқтау үшін қажетті рәсімдерді ресми бастаған жоқ. Оның үстіне Вашингтон мен Тайваньның сауда қарым-қатынасында жартылай өткізгіштердің бәсі жоғары. Тайваньға әлемдік озық жартылай өткізгіш чип өндірісінің 90%-ы тиесілі. Микрочиптер электромобиль, заманауи электроника, суперкомпьютер, серверлер, медициналық және әскери техника өндірісінде қолданылады.
Чун-И Ли, Ноттингем университеті жанындағы Тайвань зерттеу орталығының директоры:
- Егер Қытай Тайваньға шабуылдаса, біз әлемдегі ең маңызды чиптерді өндіретін бір ғана компанияға тәуелді болып қаламыз. Америкалықтар ғана емес, күллі әлем осыдан қауіптенеді.
Иә, технологиясы дамыған елдің экономикасы да қуатты болады. Бұл салада екі алпауыт мемлекет бір-бірімен бәсекелес. Сондықтан бұл кездесуде жасанды интеллект тақырыбы да қалыс қалмайды. Президенттер кездеспес бұрын АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент пен Қытай Мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Хэ Лифэн келіссөз жүргізді. Екі ел жасанды зердеге байланысты қауіптер туралы бір-біріне алдын ала хабарлап отыруды ұсынды. Тақауда Anthropic компаниясы нейрожелілер күндердің бір күні бақылаудан шығып, адамзатқа қауіп төндіреді деп мәлімдеген еді. Сарапшылар жасанды интеллектіні дамытуды тежеу идеясын ұсынады. Бірақ Трамп бұған түбегейлі қарсы. Оның пікірінше, нарықты қатаң реттеу шаралары Қытайдың қолайына жағып, Бейжіңнің осы салада Вашингтонды басып озуына ықпал етеді.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
- Біз жасанды интеллект саласының дамуына тосқауыл қоймаймыз. Нейрожелі – ғаламтор сияқты нағыз өндірістік революция! Бірақ одан әлдеқайда ауқымдырақ және тиімдірек. Алдағы уақытта бұл біздің жалпы ішкі өніміміздің 25%-ын қамтамасыз етуі мүмкін.
Скотт Бессент пен Хэ Лифэн былтыр Пусанда жасалған уақытша сауда бітімін ұзарту жөнінде, әзірге, бір келісімге келе алмады. Сауда бітімінің мерзімі 10 қарашада аяқталады. Биыл мамыр айында Дональд Трамп пен Си Цзиньпин Бейжіңде кездескен еді. Алайда бұдан айтарлықтай нәтиже шықпады. Сарапшылар бұл жолы да қос алпауыт елдің басшылары серіктестікке серпін бере алмайтын сыңайлы дейді.
Бірақ жабық есіктің артында болған әңгіменің ауаны былайғы жұртқа жария болмайды, әрине. Дегенмен тараптар кездеспесе, талай мәселе жабулы қазан күйінде қалатыны тағы анық.