Еуропаға барар жолда бақилық болған мигрант көп
Кейінгі екі жылда Еуроодақ елдерінен пана іздеп келетіндер саны 55 пайызға азайды. Бұл – көші-қон жөніндегі комиссар Магнус Бруннердің мәлімдемесі. Босқындар санының азаюына қатаң миграциялық саясат әсер еткен. Алайда биыл шілдеде Испанияның Сеута қаласына марокколық мигранттар ағылып келген. Сол кезде қалаға 72 мыңнан аса адам заңсыз кірген еді. Сондықтан Еуроодақ шекарадағы бақылау саясатын одан әрі күшейтпек ниетте, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл 1 айға жуық ас-сусыз ашық теңізде қалған мигранттарды құтқару операциясы кезінде түсірілген кадрлар. Гамбиядан Канар аралдарына қайықпен шыққан 128 адамның 83-і опат болған. Тек 45 жолаушы аман қалды.
Ең сорақысы, қайтыс болғандар арасында сәби бар. Халықаралық көші-қон ұйымының дерегі бойынша, биыл Еуропадан пана іздеп келетіндер азайды. Жыл басынан бері 60 мыңға жуық адам қоныс аударды.
Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 39 пайызға аз. Алайда кәрі құрлыққа барар жолда өмірі қиылған мигрант көп. Өйткені қақтығыстар мен кедейліктен қашып, экономикалық тұрақтылық мекенін тапқысы келетін босқындар Еуропаға жету үшін өз өмірін қатерге тігуге де әзір.
Науаль, Мароккодан келген мигрант:
— Сеутаға дейін алты сағат жүзіп келдім. Мароккода жұмысым болып, күнімді көре алсам, кетпес едім. Басымызда баспанамыз да жоқ. Тым болмаса, балаларым үйлі болса деймін. Кішкентайымнан қиындықты көп көріп өстім. Енді екі баламды жеткізуім керек.
Биыл жазда Мароккодан бір мезетте 70 мыңнан аса адам жаппай Испанияға ағылды. Алайда көбі діттеген жеріне жете алмай, кері қайтқан еді. Тек 12 мыңы қалып қойды деген дерек бар. Қазір солардың 4 мыңы далада түнеуге мәжбүр. Өйткені уақытша орталықтарда орын қат. Бұл жағдай Еуроодақты әбден әбігерге салды. Кәрі құрлық мигранттардың қалың нөпіріне төтеп беруге қауқарсыз екенін көрсетті.
Сондықтан Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақтың шекара шебін қорғау тетіктерін күшейтеміз деп отыр.
Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссия төрағасы: Шекара және жағалау күзеті агенттігінің құзіретін кеңейту, заңсыз мигранттарды қайтару рәсімдерін жеделдету жоспарланып отыр. Бірақ шекара шебін бекітсек те, заңсыз көші-қон мәселесін шеше алмаймыз. Мұның түпкі себебіне үңілуіміз қажет. Ол үшін көрші елдердегі жастарға жұмыс табуға, білім алуға және кәсіби даярлықтан өтуге жағдай жасау керек. Сондықтан Жерорта теңізі арқылы келетін елдердің жастарына арналған бағдарламаны қолға алсақ дейміз.
Көші-қон мәселесін тек Еуропа ғана емес, әлемнің біраз елі шеше алмай дал. БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі басқармасының дерегі бойынша, былтыр 118 млн-ға жуық адам үйлерін тастап қашуға мәжбүр болған. Көшкен жұрттың үштен екісі көрші елдерге қоныс аударды. Таң қаларлығы, барар жері, басар тауы қалмаған босқындардың 70 пайызға жуығы экономикасы нашар елдерден пана тапқан.
Автор: Зайнұр Байжігіт