Хакерлер АҚШ тергеу қызметінің құпия деректерін ұрлағанын мәлімдеді
ShinyHunters хакерлік тобы АҚШ Федералдық тергеу бюросының сайтын бұзып, ведомствоның қазіргі және бұрынғы мыңдаған қызметкеріне қатысты деректерді ұрлағанын мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.
Reuters агенттігінің мәліметінше, киберқылмыскерлердің қолына қызметкерлердің аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірлері, туған күндері, әлеуметтік сақтандыру нөмірлері және төтенше жағдайда хабарласатын адамдардың байланыс деректері түсуі мүмкін. Ақпараттың таралып кетуі барысында қызметкерлердің лауазымы мен тағайындалуына қатысты мәліметтер де жария болған.
Олардың арасында Қытай тыңшылығына, Ресей барлауына және есірткі картельдеріне қарсы күресетін, сондай-ақ барлау және қарсы барлау жұмыстарымен айналысатын қызметкерлер бар.
АҚШ Федералдық тергеу бюросы хакерлердің мәлімдемесінен хабардар екенін және осыған байланысты тергеу бастағанын растады.
ShinyHunters тобы ведомствоға шабуылды АҚШ Федералдық тергеу бюросы бұған дейін жариялаған материалға жауап ретінде жасағанын мәлімдеді. Онда хакерлік топтың әрекет ету тәсілдері ашылып, бопсалаушыларға ақша төлемеуге кеңес берілген.