АҚШ пен Қытай саудадағы бітім мерзімін ұзартты
АҚШ пен Қытай бірқатар экономикалық және геосаяси мәселелер бойынша келіспеушіліктер сақталғанына қарамастан, қолданыстағы сауда бітімін ұзартуға уағдаласты, деп хабарлайды 24KZ BILD басылымына сілтеме жасап.
АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент мәлімдеуінше, президент Дональд Трамп Қытай төрағасы Си Цзиньпинді Мэриленд штатындағы Эндрюс әуе базасында жеке қарсы алғаннан кейін жасалды.
Америкалық министрдің айтуынша, қазіргі саудадағы бітім 10 қаңтарға дейін ұзартылмақ.
Бессент бұл туралы Fox News арнасындағы Special Report бағдарламасына берген сұхбатында айтты. Бастапқыда қазіргі саудадағы үзіліс режимі 10 қарашада аяқталуы тиіс болған. Алайда Вашингтон мен Бейжің оны тағы екі айға ұзартуға келіскен.
Сонымен қатар Қытай тарапы бұл келісімді әзірге дәл осындай формулировкамен ресми түрде растаған жоқ.
Қытайдың Вашингтондағы елшілігі Бессенттің мәлімдемесіне жедел түсініктеме берген жоқ, – деп жазады BILD.
Си Цзиньпиннің АҚШ-қа сапары аясында Қытай елшілігі оның жазбаша үндеуін жариялады.
Онда Қытай төрағасы «Қытай мен АҚШ бәсекелес емес, серіктес болуы керек» деген пікір білдірді.
Алайда жарияланған үндеуде сауда келісімін ұзарту немесе бітімнің нақты мерзімі туралы ақпарат болған жоқ.
Осылайша, қазіргі уағдаластық әзірге негізінен АҚШ тарапының мәлімдемесі арқылы белгілі болып отыр. Ал оның нақты тетіктері мен басқа да егжей-тегжейі алдағы дипломатиялық келіссөздер барысында нақтылануы мүмкін.
Саудадағы бітімнің ұзартылуы Вашингтон мен Бейжіңге сауда қатынастарындағы шиеленісті бұрынғы деңгейге бірден жеткізбей, келіссөздерді жалғастыруға мүмкіндік береді.
Дегенмен уақытша бітім әлемдегі ең ірі екі экономиканың арасындағы түйткілдердің бәрін шешпейді. Негізгі мәселелер қатарында сирек кездесетін жер металдары мен компьютерлік чиптер экспортына қойылған шектеулер, Бейжіңнің Иранмен қарым-қатынасы және АҚШ-тың Тайваньға қатысты саясаты бар.
Сирек кездесетін жер металдары қазіргі өнеркәсіп үшін аса маңызды. Олар электроника, аккумулятор, энергетикалық жабдықтар және жоғары технологиялық өнімдердің алуан түрін өндіруде қолданылады. Сондықтан бұл ресурстардың экспортына қойылған шектеулер екі елдің де өнеркәсіптік және технологиялық қауіпсіздігіне тікелей қатысты.
Компьютерлік чиптер де аса сезімтал мәселелердің бірі болып отыр. Вашингтон соңғы жылдары Қытайға бірқатар озық технологиялар мен оларды өндіруге қажетті жабдықтарды экспорттауға шектеу енгізді. Ал Бейжің өз кезегінде стратегиялық маңызы бар жекелеген ресурстар мен тауарларға қатысты шаралар қабылдады.
Осы жағдайда саудадағы бітім мерзімінің ұзартылуы тараптарға даулы мәселелер бойынша келіссөз жүргізуге қосымша уақыт береді.
АҚШ пен Қытай басшыларының кездесуі де маңызды оқиға болды. Си Цзиньпин АҚШ-қа үш күндік сапармен барды. Дональд Трамп оны Мэриленд штатындағы Эндрюс әуе базасында жеке қарсы алды.
Бұл дипломатиялық қадам да көпшіліктің назарын аударды. Ақпаратқа сәйкес, АҚШ президенті соңғы рет шетелдік мемлекет басшысын әуежайда 11 жыл бұрын жеке қарсы алған. 2015 жылы мұндай құрмет Барак Обама президент болған кезде Рим Папасы Францискке көрсетілген.
Екі ел көшбасшыларының кездесуі Вашингтон мен Бейжің экономикалық байланыстардың одан әрі шиеленісуіне жол бермеуге тырысып, сонымен бірге қауіпсіздік пен сыртқы саясат мәселелеріндегі өз ұстанымдарын қорғап отырған кезеңде өтіп жатыр.
Бизнес үшін саудадағы бітімнің ұзартылуының практикалық маңызы бар. Өйткені бұл өзара тауар жеткізу мен тариф саясатына қатысты белгілі бір тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.
Ал екі ел үкіметтері үшін бұл – әзірге ортақ мәмілеге келе қоймаған мәселелер бойынша келіссөздерді жалғастыруға берілген қосымша уақыт.