Әлемде 2030 жылға қарай 11 млн дәрігер қажет болады

Жаһандық медицинаға қауіп төнді. Әрі кетсе 3-4 жылда денсаулық сақтау саласына 11 млн білікті дәрігер қажет болады. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы.

Сарапшылар мұның себебін мамандардың қартаю үдерісімен түсіндіреді. 

Кейінгі 20 жылда әлемде медицина қызметкерлерінің саны 50 пайызға артты. Қазір бұл салада 70 млн адам жұмыс істейді. Алайда әр төртінші маманның жасы 55-тен асқан. Дамыды деген Еуропаның өзінде дәрігерлердің үштен бірі – зейнет жасына жеткендер. Ал Болгария, Италия және Германияда олардың үлесі тіпті 40 пайыздан асады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болса, климат өзгерісі әлемдегі денсаулық сақтау жүйесіне әсер ететінін ескертеді.

Тереза Закария, ДДСҰ бөлім басшысы:

- Эль-Ниньо – тек климаттық құбылыс емес, бұл жаһан жұртының денсаулығына төнген елеулі қауіп. Ауа райы өзгеріп қана қоймай, түрлі аурулардың таралуын арттырады. Жағдай әсіресе денсаулық сақтау жүйесі нашар дамыған елдерде қиындай түседі.

Дәрігер тапшылығы жекелеген елдерге немесе аймақтарға тән мәселе емес. Қазір бүкіл жаһанда медицина саласына маман жетіспейді. Дамыған елдер мұны кадрларды сырттан шақыру арқылы шешуге тырысып келеді. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде, 600 мыңнан аса шетелдік дәрігер жұмыс істейді. Бұл - сол елдердегі медицина қызметкерлері санының бестен біріне тең. Алайда бай, жетекші елдер кадр мәселесін шешеміз деп, дамушы мемлекеттерде мәселенің ушығуына әкелді. Сондықтан сарапшылар: «Медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуге мән беру қажет», - дейді. Ол үшін технологияға көбірек жүгіну керек екенін айтады. 

Кристофер Дефлич, Penn State Health директоры: 

- Медицинада ақпарат өте көп, адамға мұның бәрін бірден есте сақтау қиын. Бұл арада жасанды интеллектінің көмегі орасан. Ең бастысы, соңғы шешімді адам қабылдайды. Өйткені адам бақыламаса, технология қате нәтиже беруі мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәрігер жетіспейтін елдердің 70 пайызы Африка мен Жерорта теңізі аймағы екенін айтады. Соның бірі – Конго Демократиялық Республикасы. Қазірдің өзінде мұнда 5 мың маманның орны бос тұр. Ал елде Эбола вирусы тез тарап жатыр. «Кадр тапшылығын азайту үшін мамандарды сырттан шақырмай, ел ішінде даярлау жұмыстарын ширату қажет. Бұл үшін медицина қызметкерлеріне лайықты жалақы мен кәсіби қолдау көрсету керек», - дейді халықаралық ұйым өкілдері. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: