Рим Папасы XIV Лео Францияға алғаш рет арнайы сапармен барды

Рим Папасы XIV Лео Францияға алғашқы апостолдық сапармен барды.

Төрт күнге жоспарланған сапар Париж, Лурд және Мец қалаларын қамтиды. Діни іс-шараға жүздеген мың адам қатысады. Елисей сарайындағы алғашқы сөзінде понтифик бейбітшілікті сақтаудың маңызы, адам қадір-қасиеті және жасанды интеллект дамуының ықтимал қауіптері туралы айтты. Париж Рим Папасын 18 жылдан кейін алғаш рет қабылдап отыр.

Айдана Айтбекқызы, тілші:

- Бүгін Париж шіркеулерінің қоңыраулары понтификтің француз астанасына 18 жылдан кейінгі сапарының құрметіне жеті минут бойы соғылды. Қала бұл сапарға бірнеше апта бойы дайындалды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін елордада 14 мыңға жуық полиция қызметкері, жандарм мен әскерилер жұмылдырылған. 

Таңғы 10-да келгенімен XIV Лео алдымен Елисей сарайына аттанды. Эмманюэль Макронмен кездесіп, билік, азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдері алдында сөз сөйледі. Алғашқы баяндамасын бейбітшілік пен технологиялық прогрестен туындайтын қауіптерге арнады. «Адам мен оның санасын барлық пайымның өзегіне қою қажет деп санаймын», деді понтифик.

XIV Лео, Рим Папасы:

- Күнделікті өмірімізге дендеп еніп, оны өзгертіп жатқан осы «машиналар жұмағында» адамдық болмысымызды жоғалтып алмауымыз керек. Ол үшін ненің шын мәнінде ізгі әрі адамгершілікке сай екенін ажырата алатындай этикалық пайымымызды дамыту қажет. Бұл адамның бастапқы мұратына сай дамуына не ықпал ететінін түсіну үшін маңызды. Мұның бәрі адамның ішкі еркіндігі мен қасиетті қадір-қасиетін сөзсіз құрметтеуге негізделуі тиіс. 

Елисей сарайынан кейін сапар ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде жалғасты. Айта кетейік, бұл понтификтің ұйымға 40 жылдан астам уақыттан кейін алғаш келуі. Кездесуде жасанды интеллект, білім беру, ақпараттың шынайылығы және жаңа технологиялар дәуірінде адам қадір-қасиетін сақтау мәселелері сөз болды. Кейін XIV Лео көлігімен сена жағалауын аралады. Париж көшелерінде жиналған мыңдаған адам понтификті жақыннан көруге мүмкіндік алды.

Клотильд, Париж қаласының тұрғыны:

- Францияның понтификті қабылдап жатқанына мақтан тұтамын. Бұл сапар бәрімізді қайтадан біріктіреді деп үміттенемін. Ол жасанды интеллекттің дамуы туралы да айтты. Бұл бір жағынан игілік болса, екінші жағынан қауіп те бар. Сондықтан адамның ақыл-ойы мен қадір-қасиетін, этикалық құндылықтарды сақтау өте маңызды.

Жозе Мари, Париж қаласының тұрғыны:

- Мен Нотрдам соборын жақсылап суретке түсіру үшін келдім. Мұнда біз сияқты бірнеше әуесқой фотограф бар. Әрине бұл  маңызды оқиға. Айтпақшы, Рим Папасы Францияда қабылданған эвтаназия туралы заңға қарсы. Бұл маңызды деп ойлаймын.

Бұл сапарға қызығушылық өте жоғары. Француз басылымдары оны тарихи оқиға деп бағалап отыр. Өйткені бұл понтификтің Францияға кейінгі жиырма жылдағы алғашқы толық апостолдық сапары. Оның ізашары Франциск Францияға үш рет келгенімен, Парижге барған жоқ. Сондықтан өрттен кейін қалпына келтірілген Нотр-Дам соборының қайта ашылу салтанатына да қатыспады. Дәл осы соборда XIV Лео кешкі құлшылық өткізіп, бүгін оған 8 мыңға жуық адам қатысты. Ал Париж тұрғындары мен қала қонақтарына арналған негізгі діни шаралар сенбі күні өтеді. Конкорд алаңында ашық аспан астында құдайға құлшылық ету рәсімі болады. Оған 600 мың адам қатысады. Франциядағы төрт күндік сапар Лурд және Мерц қалаларында жалғасады. Понтифик Еуропадағы бейбітшілік пен бірлік туралы үндеу жасауға ниетті.

Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Сондай-ақ оқыңыз: