АҚШ пен Қытай сауда келісімін 10 қаңтарға дейін ұзартты
АҚШ пен Қытай өзара сауда келісімін тағы екі айға ұзартып, оны 10 қаңтарға дейін күшінде сақтайтын болады. Қытай басшысының АҚШ-қа үш күндік мемлекеттік сапары осындай уағдаластықпен аяқталды. АҚШ-тың сауда өкілі Джеймисон Грирдің айтуынша, америкалық ауыл шаруашылығы өнімдері мен медициналық құрылғыларды, сондай-ақ Қытайдың күнделікті тұтыну тауарлары алдағы сауда дауларынан бөлек қарастырылады. Бұл келісімнің нақты шарттары дүйсенбіде жарияланады. Сапардың соңғы күнінде Си Цзиньпин мен Дональд Трамп жұбайларымен бірге Ақ үйде кездесіп, кейін АҚШ-тың Ұлттық мұрағатына барды, деп хабарлайды 24KZ.
Си Цзиньпин, Қытай төрағасы:
— Президент екеуміз АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы атты үлкен кеменің бағытын айқындап келе жатқан екі адамдаймыз. Ол мамырда Қытайға келгенде стратегиялық тұрақтылыққа негізделген сындарлы қарым-қатынас орнатуға келіскен едік. Бұл жолы сол ұстанымды жаңа мазмұнмен толықтырдық. Қарым-қатынасымыз өзара құрметке, әділдік пен теңдікке негізделуі тиіс.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
— Біз әлі талай сөйлесеміз. Меніңше, фермерлеріміз өте қуанады. Көптеген оң нәтижеге қол жеткіздік. Бұл сапарға Америка да, Қытай да риза. Екі ел үшін де пайдалы қадамдар жасалды. Өте нәтижелі сапар болды.
Сәрсенбіден бері кездесулерде жасанды интеллект, Тайвань және Иран мәселелері де қозғалды, бірақ бұл тақырыптар бойынша жаңа келісім жарияланбады. Енді екі ел басшысы алдағы қарашада Шэньжэньде Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммитінде және желтоқсанда «Үлкен жиырмалық» саммитінде Майамиде қайта кездесуі мүмкін.