Үндістанда нөсер жаңбырдан 60-тан астам адам қаза тапты

фото: apnews.com

Үндістанның Уттар-Прадеш штатында нөсер жаңбыр салдарынан кемінде 62 адам қаза тапты, деп хабарлайды 24KZ Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.

Үндістанның солтүстігінде нөсер жауын үшінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Associated Press агенттігінің мәліметінше, су тасқынынан тағы 46 адам зардап шегіп, мыңға жуық үй бүлінген. 28 қыркүйекте штаттың бірқатар ауданында мектептер жабылды.

Құтқарушылар су басқан аумақтағы тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялап жатыр. Билік халықты су басқан аудандарға бармауға, сондай-ақ ағысы қатты өзендерге, жылғалар мен су ағатын арналарға жақындамауға шақырды.

Аймақтық метеорологиялық орталықтың хабарлауынша, штат астанасы Лакхнауда жауын-шашынның қарқыны бәсеңдей бастайды. Дегенмен Уттар-Прадештің шығысы мен батысында 29 қыркүйекке дейін жаңбыр жаууы мүмкін.

Су тасқыны елдің шығысындағы Одиша штатына да әсер етті. Онда 75 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Қолайсыз ауа райы Непалға да жетті. Елдің табиғи апаттарды басқару жөніндегі ұлттық агенттігінің мәліметінше, онда 21 адам қаза тауып, тағы бес адам із-түзсіз жоғалған. Бес тұрғын жарақат алған. Су тасқыны мен лай көшкіні салдарынан 194 үй бүлінді.

Сондай-ақ оқыңыз: