Мессидің ұлттық құрама сапындағы соңғы ойынына билеттер екі сағатта сатылып кеткен

фото: Sportbox

Аргентина құрамасының Бенинге қарсы жолдастық кездесуіне билеттер екі сағатқа жетпей сатылып кетті. Бұл ойын Лионель Мессидің ұлттық құрама сапындағы соңғы матчы болуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ en.prothomalo.com басылымына сілтеме жасап.

Билет сату жергілікті уақыт бойынша бір күн бұрын сағат 18:00-де басталды. Алғашқы секундтардың өзінде миллиондаған жанкүйер билет операторы Deportick платформасына кіруге тырысқан. Алайда сайтқа түскен жүктеме жүйенің істен шығуына әкеліп, қолданушыларға виртуалды кезекте бір сағаттан астам күту керектігі туралы хабарлама көрсетілген.

Билеттің сатылып алынғаны туралы алғашқы хабарламалар шамамен 19:15-те пайда болды. Жанкүйерлердің бірі X әлеуметтік желісінде виртуалды кезектен өтіп, билет сатып алғанын растайтын скриншот жариялады. Сол кезде стадионның жоғарғы секторларында санаулы орын ғана қалған. Олардың бағасы 320 мың аргентиналық песо болған.

19:28-де тағы бір қолданушы билеттердің толық сатылып кеткенін хабарлады. Осылайша негізгі билеттер сатылым басталғаннан кейін шамамен бір жарым сағатта өтіп кеткен.

Аргентина – Бенин матчы 6 қазанда Буэнос-Айрестегі «Монументаль» стадионында өтеді. Кездесу FIFA күнтізбесіндегі халықаралық үзіліс аясында ұйымдастырылады.

Стадион шамамен 85 мың көрерменге арналған. Алайда барлық орын ашық сатылымға шығарылмаған. Аргентина футбол қауымдастығы билеттердің бір бөлігін демеушілер мен серіктестерге резервтеген.

Алдағы кездесу Аргентина жанкүйерлері үшін ерекше маңызға ие. Лионель Месси 6 қазанда ұлттық құрама сапындағы соңғы ойынын өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз: