ҚПЛ-да командалар саны тағы көбеюі мүмкін

Футболдан Қазақстан премьер лигасы аяқталып, келер жылы Еуропа жарыстарында ел намысын қорғайтын командалар белгілі болды. Олар Ордабасы мен Қайрат және Астана мен Оқжетпес. Иә, Ордабасы биыл олжалы болды. Шымкенттік клуб чемпиондық атақпен қоса, ел кубогына да иелік етті. Ал Қайсар мен Жетісу төменгі топқа түсіп қалды. Дегенмен келер маусымда командалар саны артып жатса, әлгі екеуі қайтып әбден мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір әлеуметтік желілерде Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын командалар санын 18-ге арттыру мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Бұл бастаманы қолдайтындар да, оған күмәнмен қарайтындар да бар. Мысалы, осы ақпаратты алғаш болып жариялаған Дидар Сыдықбектің ойынша, командалардың көбеюі чемпионаттағы бәсекелестікті арттырып, өңірлердегі футболдың дамуына жаңа серпін береді.

Дидар Сыдықбек, спорт функционері:

– 18 команда емес, 20 команда болғанын да қалаймын. Көп адам мәселенің тек жағымсыз тұстарын айтады: «Алаң жоқ, мынау жоқ» дегендей. Командалар көбейген сайын алаңдар да салынып, біртіндеп бәрі алға басады. Бұл жердегі ең бастысы – жаңа есімдердің танылуы, жас футболшылардың Премьер-лигада ойнауына үлкен мүмкіндік берілуі.

Әбілмансұр Қамзаев, футбол сарапшысы:

– Мен бұл пікірмен келіспеймін. Дәл қазір ҚПЛ-де 16 команда ойнайды. Олар наурыз айында маусым басталған кезде стадион таба алмай қиналады. Сондықтан стадион тапшылығы болмас үшін командалар санын 10-ға дейін қысқарту керек деп ойлаймын.

Санның өсуі сапаның артуына кепілдік бермейді. Жаңа командаларға лайықты стадион, тұрақты қаржы, білікті бапкер мен бесекеге қабілетті футболшылар қажет. «Егер мұның бірі де болмаса, ойын деңгейі сол қалпында, яғни бір орында тұралап қалуы мүмкін», – дейді Асқар Хамиден.

Асқар Хамиден, футбол сарапшысы:

– Егер біз командалар санын 18-ге дейін көбейтетін болсақ, Қазақстан футбол федерациясы алдымен лицензиялау жүйесіндегі талаптарды күшейтіп, содан кейін ғана осындай шешім қабылдаса екен деймін. Өздеріңіз білетіндей, алдыңғы жылдары 14 команда қатысқан кезде кейбір клубтар қаржыландыру мәселесіне байланысты жарыс жолынан шығып қалып, ҚПЛ маусымды 13 командамен аяқтаған жағдайлар болды. Сондықтан, ең алдымен, клубтардың бір жылға жететін қаржылық мүмкіндіктері толық қамтамасыз етілуі керек. Одан кейін инфрақұрылымдық жағдайы да талапқа сай болуы қажет.

Егер 18 клубтық жүйе енгізілсе, әр команда маусым барысында 34 ойын өткізеді. Ал жалпы кездесу саны 240-тан 306-ға жетеді. Бұл қазіргі форматпен салыстырғанда 66 матчқа көп. Сондай-ақ премьер-лигадан шығып қалған қызылордалық «Қайсар» мен талдықорғандық «Жетісу» клубтары өз орнын сақтап қалуға мүмкіндік алады.

Дидар Сыдықбек, спорт функционері:

– «Қайсарды» алатын болсақ, керемет стадионы бар. «Жетісудың» да аты айтып тұрғандай, ҚПЛ-да болуы маңызды. Менің ойымша, «Жетісудың» Премьер-лигада болмауы – кішкене ұяттау жағдай. Қазір өзіңіз ойлаңыз, жеке кәсіпкерлердің өздері де команда ашып, Премьер-лигаға шығудың шынайы мүмкіндік екеніне көздері жетеді.

Асқар Хамиден, футбол сарапшысы:

– Бұл – тек бір федерация қабылдай салатын шешім емес. Себебі ойындар саны, ұшақпен барып-келу, қонақ үй – бүкіл шығындар саны басқа клубтар үшін де көбейеді. Әсіресе жеке меншікке өткен командалар үшін тиімсіз болуы мүмкін.

Айта кетейік, Қазақстан футбол федерациясы әзірге 18 командаға көшу туралы ресми мәлімдеме жариялаған жоқ. Бұл бастаманың нақты қашан жүзеге асатыны да белгісіз.

Майкл Каррикті Маурисио Почеттино ауыстырды. Аргентиналық маман бұған дейін АҚШ құрамасының бас бапкері қызметінде болды. Тараптар өзара келісімге келді. Америка футбол федерациясының хабарлауынша, Почеттино Гаитиге қарсы матчта құраманы дайындайды. Содан кейін Англияға қоныс аударады. Маурисионы Манчестер командасы аттай қалап отырған көрінеді, деп хабарлайды 24KZ.


Ағылшын клубы енді аргентиналық жаттықтырушы үшін АҚШ футбол федерациясына 10 млн доллар өтемақы төлейді. Команда жанкүйерлеріне Почеттино жақсы таныс. Кезінде Тоттенхэмді өрге сүйреген маман ағылшын премьер лигасында Юнайтедті құтқарады деген үміт басым.

«Каррик «Юнайтедтен» кетті 

Сэр Алекс Фергюссоннан кейін «Манчестер Юнайтедке» бапкер құтаймай тұр. Өткен маусымда команданы чемпиондар лигасына шығарған Майкл Карриктен үміт күткендер көп еді. Алайда ол да ұзақ отыра алмады. Осы аптада МЮ тізгінін Маурисио Почеттино ұстады.

Сэр Алекс Фергюссон кеткелі «Манчестер Юнайтедтен» бақ тайды. Шотландиялық маман 27 жыл жаттықтырған команданы кейінгі жылдары кім баптамады дейсіз?! Аттай қалап алдырған бапкерлердің өзі алысқа бара алмады. Өткен маусымда Манчестер Юнайтед үштікке кіріп, жұрт Майкл Карриктің мақтауын асырды. Фергюссонның жолын осы маман жалғастырады деп күткендер көп еді. Бірақ ол да ұзақ отырмады. Ағылшын клубының қожайындары Майкл Каррикті қызметінен босатты. «Манчестер Юнайтедтің премьер-лигадағы қазіргі хәлі мүшкіл. Команда 18-ші сатыға бірақ сырғыды.

Әлем чемпионаты Бразилияда өтеді

Футболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты Бразилияда өтеді. Рио де Жанейро қаласында доп додасының бас жүлдесі таныстырылды. Салтанатты рәсімге бразилия құрамасының бұрынғы футболшылары Пеллегрино мен Претинья қатысты. Бұрымды аладоп шеберлері бұл жарыс әйелдер футболына деген көзқарасты өзгертіп, табысты өтетініне сенім білдірді. Бразилиядағы әлем кубогына 32 елдің құрамасы қатысады. Ашылу салтанаты атақты «Маракана» стадионында өтеді. Доп додасы 2027 жылдың 24 маусымында басталып, 25 шілдеде аяқталады.

Авторлары: Мерей Қанапия, Қанат Махмұдов, Руслан Әлиев

Сондай-ақ оқыңыз: