Тасқын Таиланд экономикасын күйретіп жатыр
Әлемнің бірнеше елін су алып жатыр. Дүниежүзілік банктің есептеріне сүйенсек, су тасқындары жыл сайын жаһандық экономикаға шамамен 50-60 млрд доллар тікелей шығын әкеледі.
Ал жұмыссыздық, бизнестің жабылуы, көші-кон сияқты жанама шығындарды есептегенде бұл сома екі есе артады.
Таиландта су тасқындарынан келген шығын көлемі 320 млн доллардан асып түсті. Мамандар елдің жалпы ішкі өнімі биыл 0,3 пайыздық тармаққа құлдырайды деп қауіптенеді. Бұл экономиканың даму қарқынын 2,1 пайызға төмендетуі мүмкін.
Карефф Рафисура, БҰҰ Азия және Тынық мұхиты бойынша комиссия апаттар қаупін азайту бөлімінің басшысы:
- Мұның бәрі Эль-Ниньоның әсерінін болып жатыр. Биыл бұл құбылыс ерекше күшейеді. Бәрінен де бұрын ауыл шаруашылығы саласы зардап шегіп, азық-түлік дағдарысын тудырады. Таиланд қана емес, сонымен қатар Малайзия мен Индонезия да ғаламдық пальма майының өндірісін 85 пайызға қысқартады. Бұл әлемдік саудаға теріс әсер етпек.
Тасқын салдарын жою үшін $5 млрд қажет
Непал тасқын салдарынан су электр стансаларының 10 пайызынан айырылды. Елдің Қаржы министрлігі табиғи апаттан қираған инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін 5 млрд доллар қажет дейді. Бұл – ұлттық экономика табысының 10 пайызына тең шығын.
Эль-Ниньо $3 трлн шығынға батыруы мүмкін
Зерттеулерге сүйенсек, Эль-Ниньо құбылысы жалғаса берсе, 2029 жылы әлемдік экономика 3 трлн доллар шығынға батуы мүмкін. Ал ХХІ ғасырдағы жалпы экономикалық зиян 84 триллион доллардан асады деген қауіпті болжам бар.
Патрик Барнард, Калифорния университеті Климатқа төзімділік орталығының зерттеу жөніндегі директоры:
- Климаттың өзгеруі табиғи апаттарды екі есе күшейтіп жіберді. Біріншіден, Шығыс Тынық мұхиты қатты жылынып жатыр. Мұндай құбылыс бұрын-соңды болмаған. Қазірдің өзінде мұхит суының деңгейі әдеттегіден 15 сантиметрге жоғары. Қысты ол кем дегенде тағы 30 сантиметрден асуы мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта Тынық мұхитында алып толқындар көтеріліп, жойқын дауылдар тудыру қаупі бар.
Тыных мұхитының жылынуынан туындаған Эль-Ниньо көптеген дағдарысқа себеп болып жатыр. Аптап ыстық, құрағақшылық, су тасқыны мен өрт салдарынан инфляция күшейіп, энергетика мен логистикада қиындықтар туып,, азық-түлік пен шикізат бағасы аспандады. Британиялық «Гардиан» басылымының есебіне сәйкес алдағы жарты жылда Эль-Ниньо салдарынан ажал құшатын адамдар саны 450 мыңнан асуы мүмкін.
Авторлары: Ернат Рахметолла, Нұргүл Есақаева