Таиландтағы су тасқынынан 23 адам қаза тапты
Таиландта нөсер жауын салдарынан болған су тасқыны 29 провинцияда 2,6 млн-нан астам адамға әсер етіп, 23 адамның өмірін қиды, деп хабарлайды 24KZ Anadolu агенттігі сілтеме жасап.
Таиландтың 29 провинциясында, соның ішінде Бангкокта, 16 қыркүйектен бері нөсер жауын толастамай тұр. Табиғи апат 940 мыңнан астам үй шаруашылығына зардабын тигізген.
Құтқару топтары су басқан аудандардан тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарын күшейтті. Зардап шеккендер үшін 233 уақытша орналастыру орталығы ашылды.
Биліктің мәліметінше, алдағы уақытта жауын-шашынның қарқыны бәсеңдейді деп күтіледі. Дегенмен кейбір аудандарда нөсер жауын, аяқ астынан болатын су тасқыны және көшкін қаупі сақталады.
Тұрғындарға, әсіресе тау бөктеріндегі, су арналарына жақын және ойпаң жерлерде сақ болу ескертілді.