Газа секторында ахуал ушығып тұр
Газа секторында 2 млн-ға жуық адам баспана мен тұрмыстық көмекке мұқтаж. БҰҰ дерегіне сәйкес бұл – халықтың шамамен 98 пайызы. Қираған үйлермен қатар ауызсу мен медицина мәселесі де шешімін таппай тұр. Болжам бойынша аймақты қалпына келтіруге алдағы он жылда 71 млрд доллардан астам қаржы қажет. Жергілікті денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, 2023 жылдан бері қаза болғандар саны 74 мың адамға жетті, деп хабарлайды 24KZ.
Израиль әскері Газа қаласындағы әл-Шати босқындар лагеріне тағы да соққы жасады. Шабуылдан маңайдағы аумақ үйіндіге айналды. Соққы алдында тұрғындарды ауданнан эвакуациялау туралы ескерту жасалған. Мұнда тәулік ішінде кемінде бес үй қиратылған.
Абдель Рахим Абу Куайк, тұрғын:
— Бұл лагерьде адам көп тұрады. Үйлердің жағдайы онсыз да нашар еді. Бомбалаудан кейін көріп тұрғандарыңыздай, үйлердің басым бөлігі қирап қалды.
Секторды қалпына келтіруге 71 миллиард 500 миллион доллар қажет. Бұл туралы Біріккен Ұлттар ұйымы мәлімдеді. Ең көп шығын тұрғын үйлерге келді. Білім беру және медицина нысандары да қатты бүлінді. Қазір ауруханалар мен емханалардың жартысынан көбі жұмыс істемейді. Ал ауыл шаруашылығына тиесілі жердің 1,5 пайызы ғана жарамды күйде қалды. Салдарынан Газа халқы азық-түлік тапшылығымен бетпе-бет келіп отыр.
Рамиз Алакбаров, БҰҰ Таяу Шығыстағы бейбітшілік процессі бойынша арнайы үйлестіруші:
— Газада кейінгі айларда азық-түлік пен гигиеналық заттар көбірек жеткізіле бастағанымен, медицина саласындағы жағдай күрделі. Су мен санитарлық жағдайдың нашарлығынан уақытша лагерьлерде жұқпалы аурулар таралып жатыр. Дәрі-дәрмек, отын және басқа да гуманитарлық көмек әлі де жетіспейді.
Газаға гуманитарлық көмек көрсетіп отырған елдер қатарында Ұлыбритания, Мысыр және Канада бар. Ұлыбритания аймақты қалпына келтіруге 116 млн доллардан астам қаржы бөледі. Ал Мысыр гуманитарлық жүктерді жеткізуді жалғастырып келеді. Бұл жолы Газаға 3 мың тонна азық-түлік, қажетті заттар мен медициналық құрал-жабдық жөнелтілді. Канада болса палестиналықтарға 100 млн доллар көлемінде жаңа көмек бөлетінін жариялады.
Марк Карни, Канада премьер-министрі:
— Газада бейбіт тұрғындар әлі де ауыр жағдайды бастан өткеріп жатыр. Канада бұл жағдайды өзгерту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Палестиналықтарға 100 млн доллар көмек бөлеміз. Оның 80 млн-ы гуманитарлық көмекке, ал 20 млн-ы Батыс жағалаудағы қауіпсіздікті күшейтіп, полиция қызметкерлерін даярлауға жұмсалады.
Атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгелі Газа секторында кемінде 1 400 палестиналық қаза тауып, 5 мың адам жараланған. БҰҰ мәліметінше, келісім негізгі әскери қимылдарды бәсеңдеткенімен, аймақтағы шабуылдар толық тоқтаған жоқ. Осы тұста Бейбітшілік кеңесі секторды қалпына келтіруге 2 жарым млрд долларға жуық қаражат бөлуді көздейтін жоспар ұсынды. Қаражат қираған нысандарды қалпына келтіруге және тұрғындарға қажетті жағдай жасауға жұмсалады.
Автор: Динара Қуандыққызы