Түркияда қымбатшылық күшейіп, баға көтеріліп барады. LIVE
Түркияны қымбатшылық қысып барады. Кейінгі айларда бағаның өсуі халықтың тұрмысына айтарлықтай салмақ салды. Сарапшылар мұны мұнай мен энергияның қымбаттауымен байланыстырады, деп хабарлайды 24KZ.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркияда қымбатшылық күшейіп барады. Кейінгі 3 айда инфляцияның айлық көрсеткіші бірде-бір рет төмендеген жоқ. Керісінше өсе түскен. Мысалы, маусымда 0,99 % болса, шілде айында 1,78, ал тамызда бұл көрсеткіш 1,84%-ға жетті. Яғни үш ай қатарынан баға өсімі тоқтамай, қымбатшылық қарқыны да үдеп барады. Түркияның Орталық банкі инфляция өсіміне бірнеше фактор әсер еткенін атап өтті. Ең негізгісі — энергияның қымбаттауы. Әлемдік энергия нарығындағы ахуал Түркиядағы жанармай құнына әсер етіп, мұның салқыны көлік бағасынан анық байқалды. Тамызда көліктер 4,82 %-ға қымбаттады. Ал тасымал құнының көтерілуі басқа тауарлар мен қызмет бағасына да әсер етті. Қымбатшылық білім беру саласына да салмақ салды. Тамызда бұл саладағы айлық өсім 8,62 пайызға жеткен. Орталық банк мұны жаңа оқу жылына байланысты төлемдердің, әсіресе жекеменшік университеттерде оқу ақысының артуымен байланыстырады. Ал бір жыл ішінде білім беру шығыны 53 %-ға өскен.
Мұрат Четинкая, экономист, сарапшысы:
- Түркияда инфляция деңгейінің жылдам артуы 2023 жылы жер сілкінісінен кейін басталды. Содан бері үкімет инфляцияны төмендетуге бағытталған саясат жүргізіп келеді. Бұл ретте Орталық банк пайыздық мөлшерлемені қоса алғанда, ақша-несие саясатының негізгі құралдарын пайдаланып отыр. Қазір жылдық инфляция төмендеп келе жатқанымен, бағаның ай сайынғы өсімі тоқтаған жоқ. Бірақ бағаның өсу қарқыны баяулады. Менің болжамым бойынша, қыркүйек айындағы инфляция 2-2,5% шамасында болуы мүмкін. Бұған қыркүйекте оқу жылының басталуы сияқты маусымдық факторлар әсер етеді.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Сарапшының айтуынша, биылғы инфляция болжамы жасалған кезде мұнай бағасы барреліне 66 АҚШ доллары шамасында болады деп есептелген. Ал кейінгі алты айда орташа баға шамамен 95-100 долларға жетті. Бұл тасымал шығынын арттырып қана қоймай, азық-түлік бағасына да әсер етті. Сонымен қатар қызмет көрсету саласындағы баға өсімі де тоқтамай тұр. Бір жылда тұрғын үй шығыны шамамен 40 %-ға, көлік пен азық-түлік бағасы үштен біріне жуық өскен. Күн санап өсіп бара жатқан қымбатшылық айналып келгенде бұқараның жағдайын қиындатып отыр.
- Таңертең көзімізді аша салысымен, бағаның тағы өскенін көреміз. Жалдау ақысы да қымбаттады. Қазір үй иесі пәтерден шығуымызды талап етіп отыр.
- Мен зейнеткермін. Зейнетақым ештеңеге жетпейді. Халықтың жағдайы қиын, тапқаны күнкөрістен артылмайды. Елімізді осы қымбатшылықтан құтқару керек.
- Мемлекет жылдық инфляцияны 30% деп көрсетіп отыр. Бірақ халықтың қалтасына қарасаңыз, шынайы қымбатшылық бұдан 2-3 есе жоғары сияқты.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркия билігі инфляцияны тежеу үшін пайыздық мөлшерлемені қоса алғанда, бірқатар экономикалық шараларды жүзеге асыра бастады. Алайда сарапшының сөзінше, сырттан келетін қысым, әсіресе мұнай бағасының қымбаттауы бұл үдерісті баяулатқан. Сондықтан жылдық инфляция біршама бәсеңдесе де, ай сайынғы бағаның өсуі халықтың тұрмысына салмақ салып тұр. Тіпті жалақы мен әлеуметтік төлемдер жылына екі мәрте өссе де, күнделікті тұтыну бағасының қарқынына ілесе алмай келеді.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева