Еуропада дизель бағасы рекордтық деңгейге жетті

фото: depositphotos.com

Еуропалық одақ елдеріндегі жанармай бекеттерінде дизель отынының орташа бағасы литріне 2,24 еуроға жетіп, тарихи рекорд жаңартты, деп хабарлайды 24KZ Euronews-ке сілтеме жасап.

Еурокомиссия мәліметінше, соңғы бір аптада дизель бағасы тағы 1 центке өскен. Еуроодақтың 12 елінде отын құны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті.

Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы ЕО бойынша дизельдің орташа бағасы 1,59 еуродан 2,24 еуроға дейін қымбаттаған. Дания, Нидерланд және Финляндияда оның құны 2,50 еуродан асты. Германияда литрі 2,44 еуроға жетті.

Бельгияда дизель бағасы жаңа рекорд орнатып, дүйсенбіде литріне орта есеппен 2,43 еуроны құрады. Бір апта бұрын бұл көрсеткіш 2,39 еуро болған. Италияда отын 7 центке қымбаттап, 2,35 еуроға жетті. Ал Францияда дизель бағасы сәл төмендеп, литріне 2,37 еуро болды.

Бағаның өсуіне отын жеткізіліміндегі іркілістер әсер етіп отыр. Негізгі себептердің қатарында Ормуз бұғазы арқылы қатынастың шектелуі, Сауд Арабиясынан Қызыл теңіз арқылы мұнай экспортындағы қиындықтар және Украинаның Ресейдегі мұнай өңдеу кәсіпорындарына жасаған соққылары аталады.

Бұған қоса Еуропада мұнай өңдеу маржасының жоғары болуы да бағаға қысым түсіріп отыр. Бұл – шикі мұнай құны мен дайын мұнай өнімдерінің көтерме бағасы арасындағы айырмашылық. Еуропалық орталық банк сарапшылары қыркүйекте дизель өңдеу маржасы қазанда шарықтау шегіне жетуі мүмкін екенін болжаған.

Дизель жүк тасымалы мен ауыл шаруашылығы техникасында кеңінен қолданылады. ЕО елдерінде бөлшек саудадағы дизель бағасының орта есеппен 40%-ын салықтар құрайды. Бұл ретте Еурокомиссияның есебіне жүргізушілердің жекелеген санаттарына берілетін нысаналы субсидиялар кірмеген.

Сондай-ақ оқыңыз: