Санкт-Петербургте XVIII ғасырдағы тарихи ғимарат өртенді

фото: vfokuse.mail.ru

Санкт-Петербургте XVIII ғасырда салынған тарихи Миллер сарайы өртке оранды. Әулие Исаак алаңындағы ғимараттан шыққан өрт 2 мың шаршы метр аумақты шарпыған, деп хабарлайды 24KZ.

Қалалық Тергеу комитеті оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәлімет бойынша, ғимаратта қайта жаңғырту жұмыстары кезінде дәнекерлеу жүргізілген. Тергеушілер қауіпсіздік талаптары сақталмаған деп санайды.

Өрттен сарайдың шатырының бір бөлігі опырылып түскен. Жалын іргелес ғимаратқа да тарап, оның 250 шаршы метр аумақтағы ағаш шатыр құрылымдары жанған. Көрші үйден 10 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Зардап шеккендер жоқ.

Өртті сөндіруге 165 адам мен 37 техника жұмылдырылды. Құтқарушылар жалынды 2 қазанға қараған түні ауыздықтады. Таңертең мамандар оқиға орнында жұмысын жалғастырды. Ғимараттың сыртқы қабырғалары сақталғанымен, күйеге боялып, терезе жақтаулары қарайған. Шатыры айтарлықтай зақымданған.

Миллер сарайы мен кіріс үйі сәулет ансамблі өңірлік маңызы бар мәдени мұра нысаны саналады. Исаак алаңына қараған тас ғимарат XVIII ғасырдың екінші жартысында салынған. 1879–1880 жылдары сәулетші Фердинанд Миллердің жобасымен қайта жөнделген.

Ғимарат апатты деп танылып, тұрғындары көшірілгеннен кейін бірнеше жыл бойы бос тұрған. Кешенді басқаратын «ТАС» компаниясының хабарлауынша, өртке дейін мұнда қалпына келтіру жұмыстарына дайындық жүргізілген. Реставрацияны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Енді мамандар ғимараттың қаншалықты зақымданғанын анықтап, оны қалпына келтіру мүмкіндігін бағалайды.

Сондай-ақ оқыңыз: