ЖИ дәрігердің жүктемесін жеңілдетті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемдегі цифрлық медицина нарығы биыл 430 миллиард долларға жуықтады.

Бүгінде дамыған елдер медицинаны компьютерлендіру кезеңінен өтіп, толықтай жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан. Мысалы, АҚШ-та биылдан бастап нейрожелілердің көмегімен инфаркт пен инсульт қаупін алдын ала анықтау қызметі ресми медициналық протоколдарға енгізілді.

Ал Еуропада пациенттің ішкі ағзаларының виртуалды 3D көшірмесін жасау арқылы операция сәттілігін алдын ала есептейтін "цифрлық егіздер" технологиясы қолданысқа берілген.

Биыл АҚШ-тың Medicare деп аталатын мемлекеттік медициналық сақтандыру жүйесі алғаш рет жасанды интеллект негізіндегі диагностикалық тестілерге арнайы тарифтік кодтар енгізген. Осылайша нейрожелілер ресми түрде толыққанды медициналық құрал ретінде таныла бастады. AI алгоритмдері жүрек-қан тамырларының бітелуін алдын ала анықтау, инфаркт қаупін болжап, есептеу және рентген суреттерін жылдам талдауға көшті. Бұл дәрігерлерді қағазбастылықтан босатып, науқасқа көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік беруде. Мамандар жасанды интеллект дәрігерлердің жүктемесін 30 пайызға азайтты дейді. 

Науқастың «Цифрлық егіздері» енгізілді

Еуроодақтағы Германия мен Францияда науқастардың "цифрлық егіздері" деген ұғым мен технология тәжірибеге енгізілді. Бұл медицинадағы жаңа тренд, яғни адам ағзасының органдары мен жүйелерінің дәл виртуалды көшірмесі. Енді дәрігерлер күрделі хирургиялық ота жасамас бұрын науқастың ағзасының жағдайын алдымен виртуалды модельде сынақтан өткізіп алады. Сонымен қатар созылмалы аурулары бар емделушілерді қашықтан мониторингтеу жүйесі іске қосылды. Ол бойынша смарт-гаджеттер адамның қан қысымы мен жүрек соғысы нашарлаған сәтте жедел жәрдемге автоматты түрде дабыл жолдай алады.

Толық роботтандырылған ауруханалар

Оңтүстік Корея мен Сингапурда толық роботтандырылған және "қағазсыз" ауруханалар іске қосылып жатыр. Осылайша медициналық деректер 100% цифрландырылы, емханалардағы процестер автоматтандырылды. Бұл елдерде науқас емхана іздеп, анықтама тасымайды. Бірыңғай цифрлық жүйе кез келген мемлекеттік немесе жеке клиникаға науқастың талдау қорытындыларын бірнеше секундта көруге мүмкіндік береді. Тіпті дәрі-дәрмекті сұрыптау және оны палаталарға жеткізу логистикасын да арнаулы роботтар атқарады.

Сондай-ақ оқыңыз: