Анкарада Палестинаны қолдау бейбіт шеруі өтті
Газа секторындағы аласапыранның басталғанына үш жыл. Үркіншіліктің үш жылында мыңдаған адам қаза тапты, жүздеген мыңы зардап шекті, деп хабарлайды 24KZ.
Осыған орай әлемнің әр түкпірінде халық бейбіт шеруге шығып, палестиналықтарға қолдау білдірді. Анкарада көшеге 40 мыңдай адам шыққан.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Палестинаны қолдауға арналған бейбіт акцияға көп адам жиналды. Олардың арасында балалар да, қариялар да бар. Барлығының мақсаты – Палестина халқына қолдау білдіріп, Газадағы қақтығысты тоқтатуға үн қосу. Қолдарына Палестина жалауын ұстап, плакат көтерген тұрғындар қала орталығындағы мешіт маңына жиналды.
Бейбіт акцияға ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер, қоғам белсенділері мен кәсіподақ өкілдері үн қосуда. Олар 2 жарым шақырым жерді жаяу жүріп өтті.
Мевзат Өйлек, «Эгитим-1» білім саласы кәсіподағының басшысы:
– Біз Түркиядағы ең ірі азаматтық қоғам ұйымдарының бірі ретінде кәсіподақтар атынан Палестина халқының жанында екенімізді көрсету үшін осында жиналдық. Балалар зардап шегіп отыр. Бүгінгі акцияға ондаған кәсіподақ ұйымы өз мүшелерімен бірге қатысып жатыр.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Шеруге қатысушылар Газада қаза тапқандарды еске алып, халықаралық қауымдастықты қақтығысты тоқтатуға шақырды. Олардың арасында Анкара тұрғындары да бар.
Мехмет Ердоған, Анкара қаласының тұрғыны:
– Газа секторындағы қақтығыста қаза тапқандарды еске алу үшін келдім. Олар да біздің бауырларымыз. Қақтығыс тезірек аяқталып, әлемде бейбітшілік орнаса екен деп тілеймін.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
Бейбіт акцияға 40 мыңға жуық адам қатысуда. Палестинаны қолдау шаралары Түркияның басқа да өңірлерінде өтті.
Авторы: Ә.Нұрлыбаева