Шакираның Бишкектегі концертіне 28 елдің азаматтары билет алды
Дүниежүзіне әйгілі әнші Шакираның 18 қазанда Қырғызстанда өтетін концертіне әлемнің 28 мемлекетінің азаматтары билет сатып алды, деп хабарлайды «24KZ». Бұл өнер көрсету әлемдік жұлдыздың Орталық Азиядағы тұңғыш концерті болмақ.
Аталмыш тарихи шара туралы Қырғызстан Республикасы Президентінің іс басқарушысы Каныбек Туманбаев мәлімдеген болатын. Кейін бұл дата әншінің ресми веб-сайтындағы тур кестесіне де ресми түрде енгізілді. Концерт әншінің жаһандық «Las Mujeres Ya No Lloran World Tour» атты ауқымды әлемдік турнесі аясында ұйымдастырылып отыр. Ұйымдастырушылар шоудың күрделі сахналық қойылымымен, хореографиясымен және визуалды әсерлерімен ерекше өтетінін уәде етіп отыр.
Қырғызстанның ең ірі «Bishkek Arena» стадионында аталмыш ауқымды шараға дайындық шеңберінде техникалық жұмыстар басталып кетті. Қазіргі уақытта мамандар сахна құрылымдарын монтаждау және алаңды шоуға дайындау үстінде.
Сонымен қатар, Қырғызстан мен Қазақстанның туристік компаниялары концертке билет, трансфер мен қонақүйде орналасуды қамтитын дайын турпакеттерді сатуды ұйымдастыруда.
Ұйымдастырушылар көрермендерге билеттерді тек ресми платформалар мен тексерілген операторлар арқылы ғана сатып алуға кеңес береді.