Брюссельдің сауда саясатына қатысты шешімі Бейжіңге жақпай қалды

Қытай қарап жатқан жоқ.

Брюссельдің сауда саясатына қатысты шешімі Бейжіңге жақпай қалды. Қытай Еуроодақтың айыптауларымен келіспейді. Тараптар өзара келіссөз жүргізуге уағдаласқан. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Еуропарламенттің сауда саясатын қатаңдату туралы резолюциясы Қытайға ұнамайтыны анық. Бұған дейін айтылған «Экспорттан гөрі импорт басым. Қытай Еуропаның негізгі салаларына кедергі жасап отыр. Бір ғана арзан электромобильдері Еуропа нарығын жаулап алды!» деген сыңайлы айыптауларымен ресми Бейжің келіспей отыр.

Қайта керісінше Еуроодақ жасанды интеллект технологияларына қолданылатын микросхемалар өндірісіне қажетті минералдар мен металдар экспорттын шектеу арқылы Қытайға қысым көрсетіп отыр деп санайды. Кеше ғана шұғыл түрде баспасөз мәслихатын өткізіп, қарсы тарапты бір бағытта жұмыс істеуге шақырды. Кикілжіңді өзара келіссөз арқылы шешпек. Бұл туралы Қытайдың Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин мәлімдеді. Оның айтуынша, екі жақты экономикалық және сауда байланысын тұрақты дамытудың жолы осы. 

Мао Нин, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Еуропаны Қытаймен бір бағытта жұмыс істейді деп үміттенеміз. Арада туындаған мәселелер келіссөз арқылы шешілуі тиіс. Бұл Қытай мен Еуропаның экономикалық және сауда қарым-қатынасының тұрақты дамуына ықпал етеді. Біздің ойымызша, бұл қос тараптың да мүддесіне сай келеді.  

Енді Еуропаның сауда және экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комиссары Марош Шефчович Қытайға келеді. Тараптар осы аптада екі жақты қарым-қатынастың келешегі жайында келіссөз жүргізбек. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытайдың Сауда министрі Ван Вэньтао еурокомиссармен кездеседі. Олар екі жақты сауда және инвестицияға қатысты мәселелерді талқылайды деп жоспарланып отыр. Қалай болғанда да қос тараптың өз шындығы бар. Дегенмен, Қытай тарапы әзірге шешімді кесіп айтқан жоқ. Әліптің артын бағып отыр. 

Авторы Руслан Бақытбекұлы

Сондай-ақ оқыңыз: