АҚШ халқы климаттың өзгеруінен келген шығынды мұнай компанияларынан көрді

Климаттың өзгеруімен байланысты табиғи апаттардан болатын шығынды мұнай компаниялары өтеуі тиіс пе?

Құрғақшылық пен орман өртінен зардап шеккен американдықтар осы сұраққа соттан жауап іздеп жүр. Олардың айтуынша, апаттан кейінгі қалпына келтіру шығыны халықтың мойнына емес, бірлестіктерге артылуы керек. Табиғатқа келген зиян үшін бизнестің жауапкершілігі қай жерде басталады? 

Бұл - АҚШ-тың Жоғарғы соты алдындағы жағдай. Боулдер округының жұрты: "Климаттық дағдарыс шығынын мұнай компаниялары өтеу керек", - дейді. 

Дейрдре Макнаб, шаруа:

"Бұлақтар суалып, тоғандар құрғап, жылғалар жоғалып жатыр. Колорадоның батыс өңірінде бұл үйреншікті көрініске айналды. Қуаңшылықтың зардабын малшылар да, төрт түлік те, жабайы аңдар да тартып отыр. Биыл қыс жылы болып, қар аз түсіп, жидек те шықпады. Осыдан аюлар азық таба алмай ашығып, қонжықтарын тастап кетіп жатыр. Бұл - өте алаңдатарлық жағдай”.

Алина Миранда, Колорадо тұрғыны:

“Мен он алтыға толғанда туған қалашығым Колорадо тарихындағы ең жойқын өртте күлге айналып, баспанамнан айырылдым. Климаттың өзгеруі мен компанияның салғырттығынан ұшқын шашқан электр желісі апатты ушықтырды. Климат дағдарысының зардабын қарапайым адамдар тартып жатыр". 

Ердана Ержанұлы, тілші: 

"Колорадо штатындағы аймақ американдық алпауыт ExxonMobil мен канадалық гигант Suncor-ды әуреге салды. Аталған компаниялар қазба отынның климатқа зиянын біле тұра, жұрттан жасырды деп айыпталып отыр. Сондықтан  құрғақшылық, орман өрті, су тасқыны және инфрақұрылымды жөндеу сияқты климаттың өзгеруі салдарымен байланысты шығындарды халық салығы емес, мұнай компаниялары өтеуі тиіс деп талап етіп жатыр".

Себебі Колорадо штатының заңы бойынша өзгеге зиян келтірген тарап шығынды өтеуі тиіс. Алайда қос компания «климатқа әсер ететін шығарындыларды федералдық заң реттейді, сондықтан штат заңы бойынша бізден шығын өндіруге болмайды» деген уәж айтып отыр. Оларды Трамп әкімшілігі де қолдап отыр. Енді АҚШ Жоғарғы соты Боулдердің талабын Колорадо сотында әрі қарай қарауға бола ма деген мәселені қарастырады. Шешім 2027 жылдың маусымына дейін шығарылуы мүмкін. Егер талапты қарауға жол берілсе, компаниялардың жауапкершілігі мен өтемақы мәселесі штат сотында талқыланады. Ал компаниялардың уәжі қолдау тапса, бұл елде осыған ұқсас ондаған істі тоқтатуға негіз болуы мүмкін. 

Авторы Ердана Ержанұлы

Сондай-ақ оқыңыз: