Францияда оқушылар үш апта бойы наразылық шеруін өткізіп жатыр

Франция мектептеріне қосымша 3 мың мұғалім тартылады.

Бұл туралы осы елдің Білім министрі Эдуард Жеффрей тікелей эфирдегі сұхбатта мәлімдеді. Сонымен қатар ол: "Оқу орындарындағы тығыз сабақ кестесі қайта қаралады", - деді. Францияда 3 аптадан бері мектеп оқушылары жаппай наразылық шараларын өткізіп жатыр. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, олардың саны қазір 71 мың 500 адамға жетті. Олардың талабы - мұғалімдер тапшылығын шешу және сапалы білім алу үшін жалпы жағдайды жақсарту.

Ең үлкен ереуіл Парижде өтті. Оған 24 мыңнан астам адам қатысқан. Елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, кейбір қалаларда шеру соңы тәртіпсіздікке ұласты. Мұғалімді ұрған, полиция бөліміне шабуыл жасаған, мектепті тонаған оқиғалар бар. Наразы топ: "Мұның бәріне тәртіп сақшылары кінәлі, өйткені шерушілерге күш қолданды", - дейді.

Сондай-ақ оқыңыз: