Голливудтың екі алыбы бірігеді
Paramount және Warner Bros. компаниялары бірігеді. Жаңа медиа конгломераттың атауы – Skydance. Компания басшылығы Disney мен Netflix секілді алпауыттармен бәсекеге түспек. Бірақ екі компанияны біріктіру оңай болған жоқ. Бұл бастамаға 12 штат және АҚШ-тың Сценаристер гильдиясы мүшелері қарсы шықты. Тіпті сотқа да берді. Неліктен? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Гарри Поттер, Бэтмен, Супермен, Тақтар таласы – Warner Bros студиясының өнімдері. Ал «Мүмкін емес миссия», «Топ Ган», «Трансформерлер» фильмдері – Paramount-қа тиесілі. Енді Голливудтың екі алыбы бірігеді. Жаңа медиа конгломерат «Скайдэнс» деп аталады. Мәміле құны – 111 млрд доллар. Алайда Голливуд тарихындағы ең қымбат келісімге қатысты күдік басым. Құрама Штаттар сценаристер гильдиясының мүшелері нарықтағы бәсекелестік жоғалып, жұмыс азая ма деп қорқады. Тіпті жалақы қысқарып, еңбек жағдайы нашарлайды деп алаңдайды.
Бенедикт Вонг, әртіс:
– Бұл – екі бөлек, алып компания. Екеуі де жеке жұмыс істеп, өз мүддесін қорғауы керек. Әрине, стримингтік жүйелер бәсекенің күшеюіне әкелді. Алайдаекеуінде де осы киноиндустрияның білікті, мықты мамандары жұмыс істейді. Сондықтан жұмыс орындарын сақтап қалуға күш салу қажет.
Сыншылар «үнемдейміз» деп, жаңа фильмдер өзге елдерде түсірілмеуі керек. Әйтпесе бұл Голливудта ірі киностудиялар санын азаюына әкеледі» – деген уәж айтады. Тіпті жаңа медиа конгломерат нарықта үстемдік орнатпасына кім кепіл? деп шешілген істі таразы тезінен қайта өткізуді сұрайды. Алайда Федералдық билік сегіз айға созылған монополияға қарсы тексерістен кейін компаниялардың бірігуі нарықтағы бәсекелестікке зиян келтірмейді деген қорытындыға келді.
Роб Бонта, Калифорния Штатының бас прокуроры:
– Paramount компаниясы өндірісінің басым бөлігі шетелде орналасқан. Өнімдерінің тек 5 пайызын АҚШ-та түсіреді. Келісім бойынша, Paramount өндірісті Құрама Штаттарға қайтаруға міндетті. Бұл үшін жылына кемі 300 млн доллар қосымша инвестиция тартылмақ.
Голливудтың жаңа алпауыты жылына 30 картина көрерменге жол тартады деп уәде берді. Салыстырар болсақ, Disney биыл шамамен 20 фильм түсіруге ниетті. Бірақ компанияның қарызы қыруар. Біріккен соң, Skydance басшылығы 80 млрд доллар берешектен құтылуға тиіс. Сондай-ақ шығынын 6 млрд долларға дейін қысқартуы керек. «Демек, басты міндет – екі компанияны біріктіру ғана емес, белді бекем буа отырып, көрерменге сапалы өнім ұсынып, нарықтағы бәсекеге төтеп беру болып отыр», – дейді сарапшылар.
Автор: Зайнұр Байжігіт